Махамбетте шомылу маусымы басталғалы 7 адам суға кеткен

Аптап ыстықтан қорғанудың бірден-бір жолы  – суға шомылу» деп ұғатын махамбеттіктер суға шомылу маусымы бастала сала Жайықты жағалайды. Әсіресе өзеннің Сарытоғай ауылы тұсына бала-шағасын ертіп келіп, демалып отыратын тұрғындардың қарасы кешке қарай қалыңдай түседі. Ол жер қайраңды дегенмен де, балаңызды бір сәтке қараусыз қалдырсаңыз, арты қайғылы жайтқа ұласуы мүмкін. Өйткені, өзеннің ағысы қатты, үйіріп әкететін жылымдары да көп.

 КӘСІПКЕРЛЕР ЖАҒАЖАЙ ЖАСАҚТАУҒА ЫНТАЛЫ ЕМЕС

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәлім еткеніндей, ауданда шомылуға рұқсат етілген жер жоқ. Газет бетінде жылма-жыл арнайы жағажай жасақтау мәселесі көтеріліп келе жатқанымен, бәрі бәз баяғы күйінде қалып келеді. Өткен жылы жарияланған «Жағдайың қалай, жағажай?» атты мақалада пандемия толық аяқталып, қалыпты өмірге оралған соң бәрі де жасалатындығын айтқан кәсіпкердің сөзі «ұйықтап жатқан адамды оятардай» болған еді.

«Жайықтың жағасы қоршап, суға түсу аумағын белгілейтін шектеу белгілерін орнатамын. Қазағымның иісін шығарып киіз үйлер тігемін. Үйдің ішін түрлі ою-өрнектермен безендіріп, әр үйге бір-бірден домбыра қоямын. Ешқандай ішімдік сатуға жол берілмейді. Оның орнына шұбат пен қымыз сатылатын болады. Жастар мен балалар үшін донер т.б тағамдар сататын дүңгіршектер ор натылады. Күннен қорғану үшін жағажайға шатырлар қойылады. Жағажайдың тазалығына жауап беретін тазалықшылар мен құтқару қызметіне жауап беретін арнайы құтқарушыларды жұмысқа алатын боламын. Осындай жоспарым бар. Мұның барлығына 7 млн шамасында қаржы жұмсалады деп ойлап отырмын»,- депті кәсіпкер былтырғы сұхбатында.

0525b4f6-4f8c-4d57-8edf-09cd65115783

Көз алдымызға осынау тамаша көріністі елестетер болсақ, әрине, қуанғаннан басқа шарамыз жоқ. Бірақ, бәрі біз ойлағандай бола бермейтіндігі белгілі.

Биылғы жылы жұмыстарды бастайтындығына уәде еткен кәсіпкерді іздеуге талпынбай-ақ, Сарытоғайдағы жабайы жағажайдың жайын көзбен көрмек мақсатта кешкілік сол жерден табылдық. Кәуап пен қарбыздың иісі мүңкіген аумақтағы қоқыс жәшігі жанына жиналған босаған сыра бөтелкелерінен ішімдік ішілетіндігі айдан анық көрініп тұр. Күннен қорғану үшін шатыр емес, әркім өз көлігінің көлеңкесін сағалайды. Аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Азат Қапановтың сөзінше, кәсіпкерлер жағажайды бизнес көзіне айналдыруға ынталы емес.

– Басты себеп – су деңгейінің тұрақтамауы және шомылу маусымының кеш басталуы. Жағажайдың жан-жағын қоршап, суға түсетін жерді 2 метрден аспайтын аумаққа дейін бекітіп, судың астын тазалау керек болады. Арнайы мұнара орнатып, құтқарушыларды жұмысқа тартып, оларға жалақысын беру, электр желісін тарту секілді жұмыстар жасалуы қажет. Жағажайды ақылы етіп қойғысы келсе, келушілерге де бар жағдайды жасай білуі керек. Осындай қатаң талаптарды ойлаған  кәсіпкер маусымдық жұмыстан басын алып қашады,- дейді А.Қапанов.

4b3524b1-7994-43d5-ac61-bfbc0553bae4

 ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛҒАЛЫ 7 АДАМ СУҒА КЕТКЕН

Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, әкімдік, полиция қызметкерлері мен еріктілердің бірлесуімен өткен шара барысында Сарытоғайдағы жабайы жағажайға келушілерге түсінік жұмысын жүргізу мақсатында жадынамалар таратылды. Судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында өткізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында белгіленбеген жерде шомылған азаматтарға әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту жасалды. Жалпы бүгінгі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 252 хаттама толтырылып, 1 млн 88 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынған. Шомылу маусымы басталғалы Махамбет ауданында 7 адам суға кеткен, оның екеуі жасөспірім болса, қалғаны – ересек. Бұл – облыс бойынша антирекордтық көрсеткіш. Төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының сөзінше, суға кетудің негізгі бірнеше себебі анықталған. Десе де, басты себеп спирттік ішімдік ішіп, мас күйде суға түсуі болып отыр. Төтеншеліктер күшейтілген режимде жұмыс жасауға көшкен.

– Статистикаға сәйкес су айдын дарындағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде суға түсудің, жүзу қабілетін асыра бағалаудың салдарынан болады. Ал балалар арасында оқыс оқиғаға тентектік пен атааналардың салғырттығы себепкер екенін жасыра алмаймыз. Бұған қоса суға түскен кезде денсаулықтың күрт нашарлауы мен буынның құрысуы секілді себептер де әсер ететіні бар. Біздің мақсатымыздың бірі – жаз мезгілінде су айдындарындағы адам өлімінің алдын алу. Осы мақсатта төтенше жағдайлар департаменті өкілдері полиция қызметкерлерімен, жергілікті әкімдік өкілдерімен бір лескен күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Көшедегі билбордтарға, газет беттеріне суға түсудің қауіптілігін, суға кеткен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша материалдар орналастырылды. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл суға кету фактілері артып отыр. Ауданда арнайы жабдықталған жағажайдың жоқ екендігін де айта кеткім келеді. Бұл бойынша аудан әкімдігіне ескертіліп, кәсіпкерлік нысан қажеттігі айтылды. Әзірге қозғалыс байқалмайды. Сол себепті барлық ауылдық окургтерде адамдардың жабайы жағажайларға суға түсіп, өз өмірлерін қатерге тігулері жыл сайынғы шешілмей тұрған мәселелердің негізі болып келеді,- дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Рүстем Жақсылықұлы.

Мазалайтыны сол, суға кету деректері көп жағдайда ауылдық жерлерде орын алуда. Салқындап алуды мақсат етіп, суға түсіп, кейін адамның мүрдесі табылып жататын жайттар жиілеп кетті. Жайыққа «жұтылғандардың» жайы халықты ойландырмайды ма?

 

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT