Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Нұрлыбек Ожаев ат басын туған жері, өскен ортасы Махамбет ауданына бұрды. Күрмеуі жеткен мәселелердің төңірегінде кездесулер өткізіп, құрылысы жүріп жатқан нысандардың, партияның сайлауалды бағдарламасына енген түрлі шаралардың аясындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс қарқынымен танысты.
Аудандық қоғамды кеңес мүшелерімен кездескен мәжілісмен Үкімет отырыстарында 12 депутаттық сауал жолдағанын, 600-ден астам заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысқанын атап өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға 127 млрд 800 млн теңге көлеміндегі қаражаттың тең дәрежеде бөлінуін де қадағалағанын айтқан Н.Ожаев «жыр» болған Атырау-Астрахан тас жолының жұмыс барысы көңіл көншітпейтіндігін айта келіп, бес жылдан аса тұралап қалған Индер-Қарабау жолының қаражаты шешілгенін жеткізді.
Өткен жолғы Махамбет ауданына сапары барысында Мәжліс депутаты Сарытоғай ауылындағы жаңа мәдениет үйінің жайын, Талдыкөл ауылының кірме жолы мен Жалғансай ауылының ауылішілік жолын басты назарын алған еді. Әр мердігердің «майшелпегі» болған Сарытоғайдың жаңа мәдениет үйінің қаңырап тұрғанына бес жылдан асып барады. Сот процестері, қаржының жеткіліксіздігі жұмыстардың уақытылы атқарылуына кедергі келтіріп келсе, бүгінгі күні соңғы мердігермен келісімшарт біржақты бұзылып, өзге мердігерді анықтау бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Аталған нысанның құрылысы маңайында ақша жымқыру және басқа да шикіліктердің бары анық екендігін айтқан мәжілісмен мәселені тез арада шешуді тапсырды. Ал Жалғансай ауылының ауылішілік жолдарының құрылысын жүргізуге әлі де қаражат жеткіліксіз болып тұр.
– Жалғансай ауылының жаяу жүргіншілер жолымен қоса ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын «Атырауинжстрой» мекемесі 1,5 жыл көлемінде жүргізеді деп жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 9,6 шақырым болатын ауылішілік жолдың құрылыс жұмыстарын бастауға аудандық бюджет есебінен 12 993,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 100,0 мың теңге қаралды. Келісім шарттар құны 1 922 294,5 мың теңгені құрайды. Қосымша қаржыландыруды қажет етеді, - деді аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Н.Биғали.
Тасжолы ойылып, автокөліктердің жүруіне кедергі келтіріп келе жатқан Талдыкөл ауылының 7 шақырым кірме жолы «Интергаз Орталық Азия» АҚ меншігінде болуына байланысты аудан меншігіне алу бойынша жұмыстар атқарылған.
– Үш бөлікке бөліп, «Редут» желілік өндірістік басқармасының кіреберіс жолын қалдырып, қалған бөлігін аудан әкімдігінің қаулысы негізінде ауданның коммуналдық меншігіне алынды. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 7,3 млн теңге қаражат бөлініп, «Игілікстройпроект» ЖШС жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауда. Құжат келер айда аяқталады деп күтілуде,- деді Н.Хамидоллаұлы.
Кейін ауданның партактиві мен бастауыш партия ұйымынынң төрағаларымен кездескен Нұрлыбек Жұмахметұлы негізгі мәселе ретінде партияның сайлауалды бағдарламасының орындалысын қамтып өтті. Жүру барысындағы кездесетін кедергілер турасында әңгімелер қозғалды. Жоспарланған 36 пәтерлік үш үйге қаражаттың қаралмағандығын айтқан аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Р.Болатұлы биылғы жылы NCOC компаниясының демеушілігімен 60 пәтерлік үйдің салынатындығын жеткізді. Сайлауалды бағдарламада көрсетілген Есбол ауылының тұсындағы Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарына 100 млн қаражат бөлінгенмен де, ауылдық қоғамдастық жиналыстарында тұрғындар келісім бермеген. Сондықтан бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында Еңбекшіл ауылының ауыз су мәселесін шешуге жұмсалу туралы ұсыныстар айтылды. Одан бөлек партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілмесе де Алға ауылының әкімі Р.Мусин ауылда мектеп жасына дейінге бала санының артуына байланысты 280 орындық балабақшаның, жаңа мәдениет үйінің және спорт кешенінің қажеттілігін атап өтті. Ал аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы А.Қонысбаев жаңа әрі заманауи жастарға арналған ғимарат салынса деген ұсынысын жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан аудандағы сумен қамту жайы, жайылымдық жерлер, ауылдық жерлердегі сын көтермей тұрған ғаламтор, ұялы байланыс, электр желілерінің проблемалары да айтылды. Махамбет ауданына қарасты Жалғансай, Махамбет, Бейбарыс ауылдарының тұрғындары аудан әкімінің тұрғындармен кездесуінде бекітілген жайылымдық жерлердің аздығы туралы мәселені ұдайы көтеріп, тез арада шешуді сұрайтындығын айтқан «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филиалының атқарушы хатшысы Р.Әженов жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.
– Президент тапсырмасын сәйкес арнайы «Жер аманаты» республикалық комиссия құрылды. Оның міндеті – жеке меншікке заңсыз алынған бос жайылым жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, ауыл тұрғындарының игерілуіне беруге көмектесу. Тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, қазіргі таңда игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, қайтарылған жерлерді жайылымдық жерлерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау үшін партия жанынан «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жобаның басы-қасындағылар жаңадан қолға алынған бастаманың тиімді тұстарын ауыл тұрғындарына түсіндірді,- деді Р.Болатұлы.
Кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Жұмахметұлы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығында салынып жатқан 600 орындық мектеп-интернаттың құрылыс барысымен танысты. «БатысАльянсСтрой» ЖШС мердігер мекемесі салып жатқан білім ордасы қолданысқа 2023 жылдың ІІ жартыжылдығында берілмек. Нысанның жалпы жұмыстары үшін 3 млрд 300 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, мәжілісмен Сарайшық ауылында болып, қоғамдық қабылдау өткізді.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ