Тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтілетін мерекенің биыл да үрдісі үзілмеді. Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жалынды жастардың мерекесі кең көлемде атап өтілді.
Аудан жастары қай салада болмасын белсенділік танытып жүр. «Жалында жастық» атты мерекелік кеште ауданнның өсіп өркендеуі мен қоғамдық дамуына белсенді араласып жүрген бір топ жастар ауданың әкімінің міндетін атқарушы Света Ертілеуқызының алғыс хатымен марапатталды.
- Жастар мерекесі құтты болсын. Аудан әкімінің марапатын алып жатырмыз. Жастарды қолдағандарыңыз үшін рахметімді айтамын. Бүгінгі шара жоғары деңгейде өтуде,- дейді З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі Мөлдір Ізтұрғанова.
Сонымен қатар әр ауылдық округте жастармен жұмыс атқаратын мамандарға аудандық мәслихатының алғыс хаты табысталды. Аудан жастарына қолдау білдіріп, жетістікке жетуіне үлестерін қосып жүрген жандар да назардан тыс қалмады. «Жастар жанашыры» аталымымен марапатталғандардың бірі – талай жасты спортқа баулып, биік жетістіктерге жеткізген каратэ-до кекушинкай спортының жаттықтырушысы Айгерім Айшуақова.
- Аудан әкімдігі тарапынан жастарды қолдау жоғары деңгейде. Сондай-ақ бүгін Жастар жанашыры ретінде мараптталып жатырмыз. Жастарды спортпен айналысуға шақырамын. Қазір мүмкіндік өте көп. Мереке құтты болсын,- дейді А.Қадірбекқызы.
Махамбет ауданында қазіргі күні 7 мыңға жуық жас бар. Олардың қоғамға белсене араластыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Құқықтық көмек көрсету, жұмыспен қамту, волонтерлік қозғалыстарды қолдау секілді жұмыстар жасалуда. Тек жастар тарапынан ынта мен жігер болса жеткілікті.
- Жаңа Қазақстанның жастары – тың идеяға толы жандар. Тек ізденіс пен адал еңбек болса жеткілікті. Сондықтан мен жастарға сенім білдіремін. Ауданымыздың ғана емес еліміздің атын шығаратын жастарымыз көп болсын,- дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев.
Шара соңы аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласты. Жастар күніне арналған кеште заманауи әндер айтылып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл сыйлады.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ