Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 16 наурыз - 15 сәуір аралығында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Махамбет ауданы әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды.
Жедел штабтың құрамында аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Ажигалиева, «Махамбет аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директорының міндетін уақытша атқарушы Б.Айташев, осы кәсіпорынның эпидемиологі Г.Жылқыбаева, аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Закариев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы І.Сақыпқалиев,Ұлттық сараптама орталығы Махамбет аудандық бөлімшесінің басшысы Г.Қанатова, аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы А.Сапенов, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Сұлтанғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Сисенов, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ж.Пазулов, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Ершіков бар.
Жедел штабтың төрайымы аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева. Штаб төрайымының орынбасары Г.Ажигалиеваның айтуынша, жедел штабтың алғашқы отырысы өткізіліп, атқарылатын жұмыстардың жоспары жасақталған көрінеді.
- Жеке кәсіпкерлермен арнайы жиын өткізіліп, қоғамдық тамақтану орындарында, шаштараздар мен сұлулық салондарында санитарлық-эпидемиологиялық, күшейтілген дизенфекциялық талаптарды орындау міндеті жүктелді. Мейрамхана басшыларына той немесе басқа да отбасылық мерекелік шараларды өткізу үшін берілетін тапсырыстарды 50 адамнан асырмау талабы қойылды. Осы талаптарды орындамаған немесе орындаудан бас тартқан адамдар жауапкершілікке тартылады.
Балабақшаларда да бөлмелер желдетіліп, өзге де дизенфекциялық жұмыстар уақтылы жасалуы керек. Балабақша медбикесі таңертең баланың денсаулығын тексеріп, жөтеліп жүрмегеніне, дене температурасының көтеріліп тұрмағанына көз жеткізген соң ғана қабылдауы керек. Талаптардың орындалысы күн сайын тексеріліп отырады.
Аудан тұрғындарын жеке бас тазалығын сақтап жүруге, көп адам жиналатын жерлерге барудан әзірге бас тартуға, төтенше жағдай режиміне түсіністікпен қарауға, індетті ел болып жұмылып еңсеруге шақырамын, – дейді Г. Бақтыбайқызы.
Б.СҮЙЕУОВА
Сурет:дереккөз