Ауылымызда көктемнің алғашқы күндері «Таза жағалау» акциясымен басталды.
Еріктілер жылына орай ұйымдастырылған аталмыш акцияға Махамбет ауылдық округіне қарасты мекемелер мен олардың қызметкерлері түгелдей дерлік атсалысып, ұйымшылдықпен қатысты.
«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, алдымен өздері қызмет етіп отырған ғимарат аумағын жинаған еріктілер, одан әрі Жайық мөлтек ауданының жағалауынан №1 су тазарту ғимаратына дейін, ол жерден өрт сөндіру мекемесіне дейін, фестивальдық паркінен О.Шонаев атындағы орта мектептің, «Шолпан» балабақшасының тұсына дейінгі жағалау аумағын түгелдей дерлік тазалап шықты.
«Күн жылынып, су келетін уақытта, ауыз сумен, тіршілік нәрімен қамтып отырған Жайық өзенінің жағалауын түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазарту бәріміздің ортақ міндетіміз»- дейді зейнеткер Салтанат Жұмабаева.
Үлкендеріміз осылай жастарға үлгі болып, жөн көрсетіп, ауылдың тазалығына ат салысып жатса, жұмыла көтерген жүк жеңіл болары сөзсіз.
А.САТАЕВА