Рухани құндылықтарымыз қайта дәріптеліп, мәдениетіміз бен өнеріміз өркен жайып жатқан тұста халық мұрасын кеңінен насихаттау – парыз.
Атырау облыстық білім басқармасы Махамбет аудандық білім бөліміне қарасты Зәмзәм Ещанова атындағы балалар өнер мектебі ұстаздарынан құрылған халық аспаптар оркестрі «Самға, самға, сырлы саз» атты алғашқы концерттік бағдарламасын ұсынды. «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен осыдан бірер ай бұрын құрылған оркестрдің тұсаукесер кеші ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі және дирижері – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Сәлімгерей Садықов. Халық аспаптар оркестрі тұсаукесер кештің шымылдығын Құрманғазының күйі «Балбырауынмен» ашты. Кейін жерлесіміз, қыз-келіншектердің арасынан Динаның ізін басып, күй шығарумен айналысқан, бірнеше құнды шығармалардың авторы атанған Зәмзәм Ещанованың күйі «Каспий толқыны» сахнада күмбірледі.
Қазақтың киелі аспабы – қара қобызды жанына серік еткен Ақмарал Наурызова «Аққу» күйін нақышына келтіре орындады. Негізінен дәстүрлі қазақ музыка тарихында аққу бейнесі жиі кездесетіні белгілі.Ықыластың бұл күйін естігенде киелі құстың дауысы, қанатының қағылғаны көз алдымызға келді. Ал «Текті сөздің төресі – терме» облыстық жыршы термешілер байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Аймекен Құрмашеваның орындауындағы Қиса Көпжанұлының «Сағындым, Жайық» әні көпшілікті тәнті етті.
Халық аспаптар оркестрі сахнаның төрінде Түркештің күйі «Байжұманы» тербетті. Түркеш өз өмірін, өнерін әділетсіздік пен озбырлыққа қарсы күрес жолына жұмсап, сол үшін атқамінерлердің қудалауына ұшырап, Орал, Астрахан түрмелеріне қамалған. Оның шығармалары негізінен азаттықты аңсаған халық өміріне арқау бола білді. Оркестрдің сүйемелдеуімен Әли Төлеуов ел ішіндегі дарабоз таланттың бірі әрі бірегейі Қаршыға Ахмедьяровтың «Жер-Ана» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Таңдай ауылының киелі топырағынан нәр алған композитордың артында өлмес өнер, өшпес мұра қалды. Оның өмірі мен шығармалары талай тақырыптық іс-шараларға арқау болуда. Соның дәлеліндей оркестрдің әрі Ибрагим Сұлтановтың жеке домбырада орындауында Қаршығаның күйі «Желдірме» төгілді. Назгүл Айдарбаева «Махамбеттің термесін» орындап, бейне бір рухани күш сыйлағандай болды.
Домбырашылар квартеті Есбайдың «Салаң Ақжелеңі» мен Төлепберген Тоқжановтың «Көпшпенділерін» орындады. Академик Ахмет Жұбанов «Ақжелең» аттас тізбекті күйлер тобының ертеден келе жатқан музыкалық жанр екені туралы ғылыми еңбектерінде жазды. Бұл жанр әсемдікті,наздылықты, кербездікті, сұлулықты және өзге де әйел бейнесін өте жоғары деңгейде суреттейтін дәстүрлі ерекшеліктерден туған. Ал Т.Тоқжанов «Көшпенділер» күйін жастардың жігерін қайрап, халықты рухани ахуалын көтеру мақсатында дүниеге әкелді. Талай ақынның жырына арқау болған, талай адам толқынына қайығын салған, бірі шаттығын шертіп, бірі айыбын жуған Жайықты ән қанатында қалықтатқан, елге әншілігімен және композиторлық қырымен кеңінен танылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық – ару мекенім» әні ҚР Мәдениет қайраткері Ханзада Сахипова мен жас әнші Бибінұр Шакимованың орындауында әсерлі шықты. Бұл кеште Құманғазының күйі «Сары көл – Самар» да орындалды.
Салтанатты кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Ринат Джанглишов та сахна төрінен табылып, оркестр мүшелеріне,ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Ұлы өнерді ұлығылаған мұрагерөнерпаздарға қандай мақтау айтса да жарасымды»,-деген аудан басшысы оркестрдің дирижері Сәлімгерей Бақытқалиұлы мен З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің директоры Эльмира Еспусиноваға гүл шоғы мен алғыс хатын ұсынды.Құрманғазының күйімен шымылдығы ашылған кеш өршіл рух пен еркіндік жолындағы күреске толы шығарма «Адай» күйімен қорытындыланды. Композитор Ахмет Жұбановтың оркестрге түсірген бұл күйі қазіргі кезге дейін өзгеріссіз орындалып келеді.
- Биылғы жыл халқымыз үшін оңай болып жатпаса да, өнер адамдары үшін дүбірлетіп тойлайтын жыл болып тұр. Себебі, күй алыбы Құрманғазы бабамыздың төл шәкірті Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы, академик Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы, қазақтың мақтанышы Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығымен тұспатұс келіп жатыр. Атырау өлкесі – күйдің отаны. Өзіміздің, жергілікті өнерпаздардың қолдауымен Зәмзәм Ещанова атындағы өнер мектебінің ұстаздарынан оркестр құру бұрыннан ойымызда жүрді. Бүгін соның нүктесі қойылғандай. Бір айдың көлемінде дайындық жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта оркестр облысқа,республикаға танылып жатса, қандай керемет болар еді?! Концерттің репертуарында көбіне Құрманғазы, Түркеш бабаларымыздың, Қаршығаның күйлері орын алды. Оның бәрі тегін емес. Барша қолдау білдіріп жатқан өнерпаздарға,өнер сүйер қауымға алғысымды білдіремін. Осындай кештер ауданда жиі өткізіле берсін, үлкен сахналарда жүздесе берейік, - деп тілегін білдірді Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, оркестрдің дирижері әрі көркемдік жетекшісі С.Садықов.
Күй өнерінің дүлдүлі, дирижер Сәлімгерей Садықовтың туған жері – осы Атырау өлкесі. Сонау 97-ші жылы өзінің жүрек қалауымен еліміздегі үлкен өнер ордаларының бірі саналатын Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданады. Кейін өзінің талабы мен таланты танылып, консерваторияда ұстаздық қызметте қалып, шәкірт тәрбиелей жүріп, кафедра меңгерушісі де болды.
«Ер –туған жеріне» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Өзінің кіндік қаны тамған жерге аз да болса, маңдай терін төгуді мақсат еткен Сәлімгерей Бақытқалиұлы 2019 жылы Атырау жеріне қоныс аударады. Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде музыка саласында жұмыс жасап келеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі