Махамбетке Президенттің көмекшісі келді

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова ауданымызға келіп, аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында жаңадан қабылданған әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын түсіндірді.

Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Б.Әбішев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік қызметті көрсету комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы М.Қарсықбаев, Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры А.Мұқанова, Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің көмекшісі Б.Ғалиев, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Айдарбеков қатысты.

Кездесуді ашқан аудан әкімі Р.Жанқылыш ауданға қарасты 9 ауылдық округ пен 7 дербес бөлімнің барлығы «е-Өтініш» жүйесіне қосылғанын атап өтті. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің негізгі базасы болып есептелетін әкімшілік-рәсімдік кодекс 1-шілдеден бастап іске асады. Сол кодексті іске асыратын мемлекеттік қызметкерлер болып табылады. Кодекс енгізілгеннен кейін мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында не өзгереді?

- 1 шілдеден бастап өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас база - «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер қабылдайтын бірыңғай арна іске қосылады. Бұдан былай қағаз жүзінде жолданған өтініштердің барлығы цифрлық форматқа ауыстырылады. Электронды түрде тіркеледі. Осылайша елімізде барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді жүйе өз жұмысын бастайды. Енді мемлекеттік органдар өтініштерді бұрынғы қабылданған шешімдер мен берілген жауаптарды ескере отырып қарайды. Әрбір қаралған арыз-өтініштер үшін мемлекеттік органда әкімшілік іс ашылады. Оның талаптары мен шарттары Кодексте нақты көрсетілген. Егер арыз иесінің талабы қанағаттандырылмайтын болса, онда мемлекеттік орган міндетті түрде арыз иесін қабылдап немесе телефон арқылы оған түсініктеме береді. Яғни, заңдарда көрсетілген мәселені шешу жолдарын түсіндіреді. Арыз иесі ол жауапқа да қанағаттанбаса, мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметкердің үстінен сотқа шағымдана алады.

Жаңа тәсілдің бұрынғы жүйеден айырмашылығы – енді берілген жауаптың немесе шешімнің дұрыстығын жауапты мемлекеттік орган дәлелдейтін болады. Яғни арыз иесі тек талап-арызын ғана сотқа жеткізеді. Жаңа Кодекс арқылы мемлекеттік органның азаматтар алдындағы жауапкершілігі күшейтіліп отыр. Бұрын мемлекеттік органдардың қолында барлық ресурс бар болатын да, қарапайым адамда ондай әлеует жоқ еді. Сол себептен мұндай дауларда қолында билігі бар мемлекеттік мекеме жеңіске жететін. Статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін қаралған мұндай істердің 85%-ы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілгенін көреміз. Ал жаңа кодекс осы теңсіздікті жою мақсатын көздейді, - деді Тамара Қасымқызы.

jin140621

Мемлекеттік қызметшілер жаңа кодекс туралы білімдерін кеңейтіп, сауалдарына жауап алды. Жиыннан соң ресми тұлғалар аудан орталығындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде және Махамбет ауылдық округінде болып «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің қызметімен танысып, мамандармен сұхбаттасты.

«Жайық-Ақпарат»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT