«Махамбет дауысы -2024»: бірінші орын – Ақеркеде!

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен жас ән орындаушылар арасында «Махам­бет дауысы-2024» ән байқауы өтті.

Халық арасынан жас орындаушы­ларды табу, шығармашыл жастардың рухын арттыру, ұлттық өнерді на­сихаттау, ауыл жастары арасы­нан бұрын көрінбей жүрген жа­лынды, дарынды талант көздерін табу, еліміздің белгілі сазгерлерінің әндерін көрермендерге таныстыру мақсатын көздеген байқау екі кезеңнен тұрды. Оның бірінші кезеңінде облысқа та­нымал сазгерлердің Отан, туған жерге арналған патриоттық тақырыптағы бір әнін орындаса, ал екіншісінде қазақ сазгерлерінің бір әнін шырқауы тиіс.

Алғашқы болып, өнер көрсеткен Талдыкөл ауылының тумасы Ба­зарбай Хусайынов белгілі сазгер, бард-әнші Т.Досымовтың «Сәйгүлік» әнін шырқағанда қол соқпаған жан қалмады. Ақтоғайлық Есен­жан Аманбаев, таңдайлық Ерал­хан Сәкембай да Т.Досымовтың «Биіктік» әнін шырқап, ел-жұрттың қошеметіне бөленді. Алға ауылының өнерпазы Әсемгүл Куржиева ақын Ф.Оңғарсынованың «Айша бибі» әнін тамылжыта шырқады. Жалғансай ауылының тумасы Рақымжан Сабы­ров Т.Досымовтың «Сәйгүлік» әнін орындаса, Бейбарыс ауылынан кел­ген Әділбек Смағұлов Табылдының « Биіктігін» шырқауымен көзге түсті. Ортақшыл ауылының тумасы Жай­нар Ардаққызы елімізге белгілі саз­гер І.Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін шырқаса, сарайшықтық өнерпаз Ақерке Байболатова «Сарайшық- тұңғыш астанам» әнімен көрінді.

Байқауға қазылық еткен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Жайлыбайұлы қатысушыларға ризашылығын білдіріп, байқау жоғары деңгейде өткенін айтты. Әділқазы мүшесі, З.Ещанова атындағы өнер мектебінің басшысы Эльмира Еспусинова да көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қатысушыларға алғыс айтып, әр қатысушының өнеріне талдау жасап, сараптады. Әнші Әли Төлеуов те ұстазының пікірін қолдап, үлкен сахнаға шығу үшін де батылдық керектігін, сахнаның өзі киелі орын екенін, әр орындаушыға әділ бағасын бергендерін тілге тиек етті. Жүлдегерлер есімдері аталып, кезек марапаттауға ұласты.

Байқаудың 1 орын жүлдесін Ақерке Байболатова (Сарайшық) жеңіп алды. Жүлделі 2 орын Ерал­хан Сәкембайға (Таңдай) бұйырды. Жүлделі 3 орынға Әсемгүл Куржи­ева (Алға), Әділбек Смағұлов (Бейба­рыс) табан тіреді. Алғыс хатпен Жай­нар Ардаққызы (Ортақшыл), Есенжан Аманбаев (Ақтоғай), Рақымжан Сабы­ров (Жалғансай), Базарбай Хусайы­нов (Талдыкөл) марапатталды. Байқау жеңімпаздарына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі атынан дипломдар мен Алғыс хаттар, бағалы сый-сияпат тапсырылды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT