Махамбет тарихи-өлкетану музейінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала жауһарлары» атты көшпелі көрме өз жұмысын бастады.
Көшпелі көрмені аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Жайлыбайұлы ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Көрменің ашылуымен аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев те құттықтап, өлке тарихындағы археологиялық құндылықтардың маңыздылығына тоқталып өтті. Одан әрі әуезді ән мен күмбірлеген күйге ұласты. Аудан өнерпаздары Ақкенже Құлымова халық термесін орындаса, Сұлтан Ибрахим Дәулеткерейдің «Құдаша» күйін күмбірлетті. Мұнан соң облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Ерлан Қоныскерейұлы көшпелі көрме жәдігерлерімен таныстыруға көшті. Ол әр экспонаттың қай жерден, қайдан табылғанына, әр жәдігердің құндылығына, ерекшелігіне жеке-жеке тоқталып, өте әсерлі әңгімеледі.
Сіздерге ұсынылып отырған көшпелі көрме – музей қорындағы археологиялық тарихи құндылықтар, оның ішінде Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандарынан табылған тарихи құнды жәдігерлеріміз. 2017 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы ауылынан солтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан ұзындығы 1,2 км жерді алып жатқан 15 үлкен, орта және ұсақ үйінділерінен тұратын қорғандар ішінен №1, 2 және №9 қорғандарға қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер Қазақстан аймағында бұрын-соңды табылмаған, ерекше құндылықтар. Топырақ төбешіктен, обалардан табылған ерекше жәдігер, салттық рәсімде пайдаланылған қола қазан. Оның ернеуі айналасындағы 4 құлағына аң стилінде жасалған тұтқасы болуымен ерекшеленеді. Қазан төрт құлағының екеуі жылқы, екеуі бөкен бейнесінде жасалған. Бұл заттар ерте темір дәуіріне жатады. Қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов, қалпына келтірген жоғары дәрежелі қалыпқа келтіруші Қырым Алтынбеков. Ежелгі грек жазбаларында «сақ-сармат әйелдерінің ержүрек болып келетіндігі, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетіп, ұрысқа араласатындығы айтылса, кей жазбаларда батыс өңірін мекен еткен тайпа әйелдері басқа көшпелі тайпалардың әйелдеріне қарағанда қоғамдағы орны жоғары тұратындығы, ерлермен қатар жасақ құрамына кіргендігі айтылады. «Алтын адам» қалай табылды? Қайың ағашының қабығымен жапқан адамның жерленген сүйегі жанында ұшы темірден жасалған садақтың жебелері, белінің тұсында матаға бекіткен белбеудің жапсырмалары, сары түсті металдан жасалған киімнің жапсырмалары пирамида, ою және ұшқан құстың бейнесінде бейнеленген. Табылған зергерлік бұйымдар мен құндылықтар сол заманда Каспий теңізі маңайын мекендеген көшпенділердің мәдениеті мен қолөнерін айғақтайды. Қорған диаметрі - 42 м, ең биік нүктесі - 2 м. Қорған пішіні шеңбер тәріздес, үйіндісі топырақтан тұрған. Қорған үйіндісінің ені-8-9 м, тереңдігі-0,5-0,6 ормен қоршалған. Қорған үйіндісінің үсті жайпақ, шеттері көлбеу болып келген. Қазба жұмыстары кезінде қорған үйіндісінің оңтүстік-шығыс секторын топырақтан тазарту барысында жылқының бас сүйегі анықталды. Сармат ханшайымы немесе күміс әшекейлі қыз қайдан шықты? Қорғанның толықтай тоналып кетуіне байланысты Сармат ханшайымының бейнесін қалпына келтіру кезінде сарматтардың жерлеу үрдістерінің ұқсастығы бойынша жарияланған материалдар, қазба барысында табылған жапсырмаларды пайдалану арқылы жасалынды. Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар сынамадан өткізіліп, оның 71, 72, 73 пайызды сынамалы алтын екені анықталса, құлағындағы сырғасының 91 пайызы таза алтыннан жасалып, інжуден көз орнатылғандығын көре аламыз. Сонымен қоса осы қазба жұмыстары кезінде табылған қола және темір жебе ұштары мен қайың фрагменті экспозициядан орын алған. Алтай мен Атырау арасын мекен етіп, Батыс өңірінде кеңінен тараған сақ-сармат жауынгер әйелінің экспозициясына «Ұлы дала жауһары» деген атау берілді. Каспий теңізінің шығыс және солтүстік жағалауларын мекендеген көшпелі тайпалар(Күміс әшекейлі қыз бен ат әбзелдерінің күміс жапсырмалары) туралы тоқталсақ. Археологиялық қазба жұмыстары Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылынан солтүстік шығысқа қарай 6 км, Жангелді ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде жүргізілді. Далалық маусымда зерттелген №1 қорғанның үстіңгі бөлігінен шамамен б.з. ІХ-ХІІ ғасырларда солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі тайпаларға тиесілі жерлеу орындары анықталды. Қорғаннан табылған жылқы бас сүйегінің үстінен, жандарынан әртүрлі көлемдегі жапырақ тәріздес әсемдік заттар, жүгендік қаптамалар, 4 жақты айырғыш жапсырмалар шықты.
Жылқы бас сүйегі мен заттарынан төменірек тазарту барысында басы батысқа қарап, шалқасынан созыла жерленген адам қаңқасы анықталды. Адам қаңқасының анатомиялық қалпы толық және жақсы сақталған. Бет- жүзі оңтүстікке қаратылып, қол және аяқ сүйектері түзу қойылған. Қаңқа сүйектің жалпы ұзындығы 160 см. адамның сүйегін тазалау барысында сол жақ кеуде тұсынан темірден жасалған пышақ, ортасында ойығы бар диск бойтұмар, сол жақ ортан жілігінен солға қарай 0,05 м қашықтықтан және тізе тобықтарының үстінен темірден жасалған үзеңгі, әртүрлі көлемдегі шаршы, төртбұрышты, сопақша белдік белдік жапсырмалары, гүл, жарты ай тәрізді сырға тәріздес жапсырмалар мен дөңгелек пішініндегі тойтармалар табылды. Қаңқа сүйекті толық алғаннан кейін сол жақ кеуде тұсынан темір қайшы да анықталды. Қабірдегі шыққан бұйымдардың жиынтығын топшылай отырып, қаңқа сүйек шамасы әйел адамға тиесілі екені анықталды. №1 обаға жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарында күміс әшекейлі қабір табылды. Бұндай олжа ортағасырлық материалдардың сол кезеңдегі киім әшекейлері мен ат әбзелінің әшекейлері туралы мағлұмат береді. Жеткен археологиялық материалды зерттей отырып, сол кезеңдегі мәдени даму барысына талдау, реконструкция жұмыстары жүргізілген. Негізгі мақсат-өңірдегі темір дәуірінің сармат тайпаларының жерлеу ғұрпын, салт-дәстүрін, дінін, әлеуметтік- экономикалық құрылымдарын, мәдени шаруашылық байланыстарын анықтау еді. Бұл – витринадағы жылқы әбзелдерінің күміс шекеліктері, қыздың бас әшекей бұйымдары, бойтұмары, сырғасы. Киімдегі жапсырма әшекейлері және белдігі, қайшы мен пышағы сіздердің назарларыңызға ұсынылған, – деп Ерлан Тілекқабылов күміс әшекейлі қыздың бет-пішінін қайта құру барысына тоқталды.
- Ресейлік портреттік қайта құру антропологиялық зертханасының негізін қалаушы Михайл Герасимов белгілі бір нүктелердегі жабындардың қалыңдығын ұзақ және мұқият зерттеу барысында антропологиялық қайта құру алгоритмін анықтады. Зертханалық жұмыстар бойынша бас сүйегі антропологиялық ерекшелігіне қарай еуропалық-моңғолдық нәсілге жатады. Әсіресе, моңғол түріне көбірек ие, әйелдің өмірден өткен кездегі жасы 50-60-ты құрайды. Бұл антропологиялық зерттеу Венгрияның табиғи тарих мұражайы мамандарымен антрополог Андраш Биромен және бет әспетті қайта құру мүсіншісі Эмеш Габормен бірлесіп жүргізді. Жұмыс барысында қазба жұмыстары кезінде органикалық қалдықтармен археологиялық материалға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде табылған әйел адамның сыртқы киім мен әшекей жапсырмалары қайта құрылып, толық бейнеленді. Бас киім шашқа оралған орамалдан және басына орамалды бекітетін жапсырмалар әшекейленген. Шаш үлгісі артқы жағынан өрілген, былғары жолақпен бекітілген бір өрімнен тұрды. Бекіту орны әсемдік оюлары бар қуыс түтікшелі сүйектен жасалған зергерлік бұйымдармен көмкерілген. Белбеуі күміс түсті жапсырмалары бар былғары белдіктен тұрады. Камзол жеңдерінің шеттері төрт қатарлы металл әшекейлермен безендірілген. Көйлек етегінде де жапсырма әшекейлер бар. Аяқ киімі жұмсақ етіп, былғарыдан жасалған және былғары баулармен бекітілген. Міне, осының бәрі өңірімізде ортағасырда да ғылым мен техника, металлургия дамығанын анық көрсетеді.
Жалпы әр қазба жұмыстары ҚР Мәдениет министрлігінде бір жыл бұрын бекітіледі. Алдымен ол аймақтарға барлау, одан соң зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде Мақат ауданындағы «Тас кешу –керуен сарайларында» қазба, зерттеу жұмыстары жүруде, - деген Ерлан Қоныскерейұлы өз таныстырылымын аяқтады.
Ол көрмеге келушілер арасынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді. Алтын адамға, күміс әшекейлі ханшайымға, қола қазанға, аттың күміс әбзелдеріне қызыға қарап, тамсанғандар көп болды.
«Күміс әшекейлі Миялы ханшайымы» зерттеу жұмысы бойынша жоғары дәрежелі қалыпқа келтіруші Қырым Алтынбековке және жас ғалым Ерлан Тілекқабыловқа 2022 жылы ҚР авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік берілген. Бұл «Күміс әшекейлі Миялы ханшайымы» 2023 жылдың 18 мамырында халықаралық музейлер күнінде халық назарына ұсынылып, жұртшылықтың қызығушылығын тудырған еді. Бұл күні музейге келушілер легі бір сәтке толастамады. Келушілер көрмеге қойылған әшекей бұйымдарға, ат әбзелдеріне, киім-кешекке зер сала қарап тамсанды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА