Қазақта «Қызым келіннен, ұлым елімнен» ғибрат алып өседі деген дана сөз бар. Осы сөздің негізінде ата-бабаларымыз ұл-қызын көргенді қылып тәрбиелеуге тырысқан.
Бүгінгі бүлдіршін қыз ертең-ақ бойжетіп бір үйдің босағасын аттап, келін болары хақ. «Келінді аяғынан» деп санайтын қазақ халқы әу бастан жас келінге сын көзбен қараған. Әйел қашанда отбасының алтын қазығы. Ене мен келін тату болса алынбайтын қамал жоқ. Күні кеше өткен отбасы күніне орай мен бүгін өзім көзіммен көрген абысындардың татулығы туралы аз-кем қалам тербегім келеді.
Мен бала күнімде көп қиыншылық көрген адаммын. Әкем өмірден ерте озды. Анам ауру-сырқаулы болған соң мен мектеп-интернатта жатып оқыдым. Ата-ананың, ағайын-туманың мейірімі мен махаббатына шөлдеп жүрген кезімде мені Әлима апа бауырына басып, қамқорлық танытты. Мектеп-интернатта оқығаныммен көбіне көп Алеша ағай мен Әлима апайдың үйінде өстім. Әлима ападан көп тәлім-тәрбие алдым. Қыз балаға қажетті қасиеттердің барлығын бойыма сіңірдім. Алеша ағай мені «Әлимаға еріп келген өкіл қызым» деп еркелететін еді.
Бала күнімнен Жұмалиевтер әулетінің тектілігіне куә болып өстім. Ағалы-інілі Алеша мен Сапаш ағайдың, олардың құдай қосқан жарлары Әлима мен Ақсұлу апайлардың жандарының жайсаңдығын, жүректерінің жылуға толылығын, қолдарының жомарттығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әсіресе Ақсұлу апа мен Әлима апаның татулығы ерекше еді. Қазақтың «абысын тату болса ас көп» деген мақалы осы екі апайға қарап шығарылғандай ма деген ойға қалам кейде.
Екеуі де саналы ғұмырларын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаз болды. Мектептегі жүз баланың барлығын өз балаларындай көріп, маңдайларынан сипап, білім мен тәрбиеге қоса мейірім шуағына бөлей білді. Екеуінің қарым-қатынасы абысын мен келін емес, апалы-сіңлілердей болатын. Әлима апа жұмыстан ерте келсе, бір аяқ сорпасын ішпей Ақсұлу апаны күтіп отыратын. Ақсұлу апа да Әлима апа десе ішкен асын жерге қоятын. Жақында Әлима апай өмірден озғанда туған анамнан айрылғандай күй кештім. Мен ол кісіге өмірімнің соңына дейін тағзым етіп өтемін. Жұмалиевтер әулетінің тату-тәтті ғұмыр кешуіне абысындардың татулығы зор үлесін қосты деп білемін. Олардың жолын арттарынан ерген төрт келіні жалғастырып келеді.
Келіннің «келсап» болмай жақсы келін атануы ең алдымен оның еріне деген сый-құметіне, екіншіден қайын ененің тәлім тәрбиесіне байланысты. Осындай дана апалардан үлгі алған Жұмалиевтер әулетінің төрт келіні де абысындар татулығын алдыңғы орынға қойып, әулеттің берекесін арттырып келеді.
Жұмалиевтер әулетінің барлық балалары өмірден өз орнын тауып, елге қызмет етіп жүрген азаматтар. Мұндай отбасылар жастарға үлгі, қоғамның тірегі екені сөзсіз.
Клара Айбасова, көп балалы ана