Ауыз су мен электр желісі, жол мәселесі Махамбет ауылдық округінің тұрғындарын біраздан бері мазалап келеді. Жыл сайын 1000-ға жуық жас көшеттер отырғызылса да, «Жасыл белдеудің» қараусыз қалуы махамбеттіктерді алаңдатып отыр. Осы және өзге де мәселелер ауылдық округ әкімі М.Баймишевтың жылдық есеп беру жиынында айтылды.
Махамбет ауылдық округіндегі өткен жылдың басты жаңалықтарының бірі аудан орталығына орнатылған бағдаршам болды. Онымен қоса заманауи полиция бекеті де орнатылды. Соған қарамастан заңға қайшы әрекет жасап, жауапкершілікке тартылғандар саны көп. Былтыр 5605 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, оның 3180-іне айыппұл салынды. 2032 адамға ескерту берілсе, тіркелген қылмыстың саны – 66.
– 5605 адам, яғни екі ауыл тұрғынының біреуі жауапкершілікке тартылған екен. Менің ойымша, бұл жауапкершілікке тартылғандарды зерделеп, қандай құқық бұзушылық жасағандарын қарау керек. Жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірігіп, құқық бұзушылық жасағандарға айыппұл салуға асықпай, істің анық- қанығына көз жеткізіп, қылмыстың алдын алуға ұмтылу керек деп есептеймін,- деді аудан прокуроры Б.Қалиев.
Аудан орталығында құрылыс қарқын алды. Ауылдық округке қарасты Сарытоғай ауылында құрылысы басталған 10,9 шақырым тас жолдың бүгінде 4,6 шақырымы аяқталды. Қалған құрылыс жұмыстарын биылғы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарда. Сондай-ақ, Жайық өзенінің ұзындығы 4,5 шақырым жағалауын бекіту жұмыстарына қаражат қаралып, құрылысы басталды. 600 орындық мектептің де құрылысы келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Шаттық», «Мерей», «Шұғыла» мөлтекаудандарына ауыз су желісін тарту үшін ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өтуде.
Жасалған жұмыстармен қатар, шешімін күтіп тұрған мәселелер де жеткілікті. Бұрынғы «Сельхозтехника» ғимараты мен «ПМК»-ның клубы мен гаражын өзге мақсатта пайдалануға мүмкіндік беру, ауылдың ішінде орналасқан «ПМК», «Өтеміс» бейіттерін темір бетонды плитамен қоршау үшін жоба жасақтау қажеттігі туындауда. Бірқатар көшелерге ауыз су желісін жүргізу бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөліміне ұсыныс берілген.
– Ауылдағы ойын алаңдарына жарық шамдарын орнату, Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын аяқтау шараларын қолға алу маңызды. 2014 және 2017 жылдары жүргізілген көше жарық шамдарын заманауи LED шамдарына ауыстыруды қарастыру қажет. Ауыстырылған жағдайда электр шығынын үнемдеуге мүмкіндік болады,- дейді ауыл әкімі.
Өткен жылы атқарылған жұмыстарға өз бағасын берген аудан әкімі Р.Жанқылыш халықтан түскен ұсыныс-пікірлерді жан- жақты зерделеп, орындауды орынбасарларына, ауылдық округ әкіміне, дербес бөлім басшыларына жүктеді. Сонымен қатар округ әкіміне қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, өз бюджетін мақсатты, тиімді пайдалануды тапсырды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Сұрақ-жауап
- «Сарытоғай-Атырау» арасындағы автобустың санын арттырса дұрыс болар еді.
- Дүйсенбі күні таңертең Атырауға, жұма күні кешке Махамбетке шыққанда автобуста орын болмай қалу жиі орын алып отыр. Осы екі мезгілге қосымша автобус шығару туралы тасымалдаушы мекемеге ұсыныс берілді. Ұсыныс қабылданды.
- «Жасыл белдеу» мөлтек ауданындағы Мұрат Мөңкеұлы көшесінде 10 жылдан бері асфальт жоқ. Жаңбыр жауса, үйге жету мұң. Осы мәселе шешіле ме? Сондай-ақ, жазғы су желісін жүргізсе деген өтінішім бар.
- Ауылға 16,5 шақырым тас жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. «Жасыл белдеу» мөлтек ауданы жобаға енгізілген. Жобаны аяқтау мерзімі сәуір айына жоспарланып тұр. Құны 2 млрд-қа жуық болады деп жоспарлап отырмыз. Жазғы су желісін жүргізу бойынша алдағы уақытта ескерілетін болады.
- Аудан бойынша жыл сайын кем дегенде 1000-ға жуық тал егіледі. Соңғы он жылда он мың тал егілді десек, тоғайдың ортасында отыратын уақыт болған секілді. Әлде тек қағаз жүзінде ғана айтылып қалып отыр ма?
- Ауылды көгалдандыру бағытында жыл сайын түрлі акциялар, сенбіліктер ұйымдастырып келеміз. Көшеттерді қанша отырғызып, баптағанмен кейбір ауыл тұрғындары «Жасыл белдеудің» қоршауын бұзып, ішіне малын жіберіп қояды. Бірақ соған қарамастан көшет егуді жалғастырып келеміз. Былтырғы жылы мемлекет қаражаты есебінен 13 млн ақша бөлініп, 5000 түп ағаш отырғызу жоспарланып, оның 3000-ы егілді. Биыл қалған жұмыстар жасалады.
- Көпірге апарар жолға белгі, жарық шамдарын қоюға болмай ма?
- Жарық шамдарын жүргізуге ЖСҚ жасақтау үшін 4 млн-ға дейін қаржы керек. Әзірше көпірге апарар жолға белгі қою жұмысын атқаратын боламыз.