Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде жұдырықтай жұмылып, мұқтаждарға көмек беріп, сүрінгенге сүйеніш болып, қашанда қайырымды істің ұйытқысы бола білген еріктілер жайлы айтпай өтуге болмас.
Халық қарапайым бетперденің өзін таба алмай сандалған уақытта, өз қолдарымен тігіп, тегін таратқан еріктілер қаншама? Одан қалды нағыз аурудың ошағында жүрген медицина қызметкерлерін де ұмытпай, оларға қолдау білдіріп, көмекке зәру отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмысқа қажетті заттарды таратып, қамқорлық танытқандарын да жақсы білеміз.
Аты жаман індетке шалдығып, аурухана төсегіне таңылған науқастарға аса қажетті құрылғының бірі – оттегі аппараты еді. Аудандық ауруханаға ауадай қажет аталмыш құрылғыны алдыртуға бастама көтеріп, бар күш-жігерін жұмсай білген еріктілердің бірі жас отбасы Бұлан Нұрғалиев пен Айдана Сүлейменова болатын.
Қазір елестетудің өзі қорқынышты. Ел ішінде індет күрт тарай бастағанда халық үрей мен үміт құшағында күй кешті. Әр атқан таңымыз індетті жұқтырушылар мен одан қаза болғандар туралы хабармен басталатын. Жұқпалы ауруға шалдыққан науқасқа ең қажетті оттегімен тыныс алу аппараты еді. Ал, ол бізде жоқ. Сол себепті, ауыр халдегі науқастар облыс орталығына жіберіліп отырды. Мұны естіген Бұлан мен Айдана қол қусырып қарап отырмай, тым болмаса бір аппарат болса да алып беруге атсалысайық деген ойға келеді.
- Аудандық аурухана басшылығына жолығып, ауданда тыныс беру аппараты болмағандықтан жағдайы ауыр науқастарды облыс орталығына жіберетінін, ал одан көп уақыт жоғалтатынын білдік. Басқа қалалардағы еріктілердің ұйымдастыруымен ел болып қаражат жинап, аталған құрылғыны алдыртып жатқанын көріп, бізге де ой келді. Әлеуметтік желі арқылы оттегі аппаратын алуға қаражат жинап жатқанымыз жөнінде жазбамызды жарияладық. Бұл орайда, менің инстаграмм парақшамдағы белсенділігім мен оқырмандардың көптігі бұл бастамаға сенімділік ұялатты. Сөйтіп, жазбамыз әлеуметтік желіде лезде тарап, облыстағы белді бизнесмендер, компания басшылары, басқа қалаларда тұратын аудан азаматтары да хабарласып, әрқайсысы бір тыныс алу аппаратының ақшасын, ал кейбірі қомақты қаражаттарын аударып жатты.Бір аптаға жетпейтін уақытта 2 млн.400 мың ақша жиналып, Қытай елінен тапсырыс арқылы 7 оттегі беру аппараты алынып, ауруханаға дер кезінде жеткізілді. Және одан артылған ақшаға аз қамтылған, жағдайы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорапшаларын да тараттық.
Біздің түсінігімізде ерікті болу деген ол атқарған ісіңді міндетсінбеу, оны барлығына жар салып мақтанбау, қолға алған ісіңді адал атқару әрі соңына дейін жеткізу. Бір сөзбен, айтсақ «хайп» үшін емес, «сауап» үшін қызмет ету. Әлбетте, әрбір сауапты амал тек Алланың разылығы үшін жасалады. Шын мұқтаждың алғысын алу – біз үшін ең үлкен байлық. Еріктілік қызмет бізге көп нәрсені үйретті. Қарапайым тұрғындармен қатар, ауданнан тыс аймақта жүрсе де туған жері, жерлестері үшін жүректері елжіреп тұратынын ірі бизнес өкілдерін көрдік. Бір адамға жасаған жақсылығың, алдыңнан еселеп қайтатынын түсіндік. Ел басына күн туған сәтте, жұмыла білудің, ауызбіршілікте болудың қаншалықты маңыздылығына көзіміз жетті. Ал, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазіргі таңда сирек кездесетін ауруға шалдыққан кішкентай бүлдіршіндеріміз бар. Оларға құны 1 млрд. тұратын дәріні алу үшін 1 емес 2 бөбекке ақша жиналып жатыр. Біз де аудан тұрғындары атынан қаржы жинап, көмек қолын созғымыз келеді, - дейді Айдана Сүлейменова.
Бірі білсе, бірі білмес, Бұлан мен Айдана туралы аз-кем мағұлмат бере кетсек. Олар Махамбет ауданының тумасы. 2016 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. Екеуі де аудан орталығындағы О.Шонаев атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарады. Айта кетейік, жас отбасының пандемия кезінде еріктілік қызметтегі еңбектерін ескерген облыс әкімі орынбасары мен облыстық мәслихат аппараты басшысы Алғыс хатпен марапаттады.
Ел басына күн туса бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыла білу халқымызға тән асыл қасиеттердің бірі. Осы қасиетіміздің күннен-күнге жаңғырып, оған бүгінгі көп жастарымыздың ұйытқы болғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Балнұр САПАРОВА