Махамбет ауданының домбырашылары онлайн-концерт берді

Концерт шілденің бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күні қарсаңында өтті.

Ұлттық домбыра күніне орай Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен онлайн концерт өтті. Аталған бөлімнің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Бейбарыс ауылының сазгері, күйші Орынғали Дауылбаев пен З.Ещанова атындағы аудандық өнер мектебінің «домбыра» сыныбының жетекшісі Жолдас Шағылбаев өзінің шәкірттерімен тікелей эфирге шығып, халыққа рухани азық сыйлады.

Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің жанынан құрылған «Қосалқа» домбырашылар ансамблінің мүшелері Айназ Мусенова, Қадыржан Қадырбай, Ақерке Ерланқызы, Мейіржан Нағи өздерінің ұстазы Жолдас ағаймен бірге бірнеше күйді төгілтті. Айта кетсек, Дәулеткерейдің күйі «Қосалқа», «Көркем ханым», халық күйлері «Келіншек», «Кеңес», Зәмзәм Ещанованың күйлері «Каспий толқыны», «Шашу», Ақбикештің күй «Айнам қалды», Соқыр Есжанның күйі «Қош аман бол, Ақбикеш», Құрманғазының күйлері «Балбырауын», «Адай», Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Ерке сылқымды» орындап, экран артындағы көрермендерді тәнті етті. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық аспаптарының бірі ортекені меңгерген ансамбль мүшесі Қадыржан Қадырбай халық күйі «Кеңесті» өз нақышына келтіре орындады.

d

Домбырашы Жолдас Шағылбаевтың айтуынша, 40 минутқа жуық уақытқа созылған тікелей эфир барысында күй тартудан бөлек, көрермендерге күйлердің шығу тарихымен де таныстырыпты.

- Әр күйдің өзіндік тарихы бар екені мәлім. Мысалы, «Айнам қалды», «Қош аман бол, Ақбикеш» күйлері XIX ғасырда Қазақстанның батыс өңірінде ғұмыр кешкен Ақбикеш есімді домбырашы мен Есжан атты атақты күйшінің өмірімен байланысты. Бірде жол түсіп, Ақбикеш пен Есжан кездесіп, домбыра тартысып, күй туралы, өнер туралы әңгімесі жарасып, бірте-бірте бір-бірін ұнатып қалады. Бірақ кейін Есжанға жала жабылып, оны екі жылдай түрмеге қамап тастайды. Екі жылдан кейін босап, үйіне қайтар жолда жолай көңілі сүйген Ақбикештің ауылына барса, үлкен тойдың үстінен шығады. Ақ отауға жиналған жұрттың бәрі Ақбикешті қаумалап: «Арамыздан кетіп барасың, күйіңді сағынатын боламыз, күй тартып кет», – деп қолқа салады. Ақбикеш үлкен үйден өз домбырасын алдырып, құлақ күйін келтіріп алып, басын көтеріп, айнала қоршаған адамдармен қоштасып қалғысы келгендей жан-жағына қарайды. Босағада отырған, жүдеген, көнетоз киімді Есжанға көзі түседі. Бір кезгі сүйгеніне ет бауыры езіле қарап алып, ойланып отырып, бір күйді тартады. Қаумалаған ел: «Мынау біз естімеген күй, жаңа саз болды ғой, аты қалай?», – деп сұрастыра бастайды. «Айнам қалды деп сөйлеп тұрған жоқ па домбыра? Күйдің аты «Айнам қалды» болсын», – деп тағы біреулері дуылдай жөнеледі.

j

Содан жора-жолдас, қызға жұбату күйін тартыса бастайды. Жағалай айналған үкілі домбыра ақырында Есжанның қолына тиеді. Есжан тартқан әуенде де ешкім естімеген бір мұң байқалады. Барлығы таң қалып, күйшіге көз тастайды: бұл кім, қандай күй? Ақбикештің Есжанмен қоштасып, жүрегімнің айнасы осында қалып барады дегенін түсініп отырып, Есжан менің қолым енді саған жетпейді «Қош, аман бол, Ақбикеш» деп тартқан екен дейді. Соңыра, күйші кім, неге олай күй тартты деген әңгіме кетеді. Бұл сөз Ақбикештің әкесіне жетеді: «Осындай бір тосын жігіт келді, күй тартты, күйінің үні бізге ұнамайды», – дейді. Содан, шу шығып кетпей тұрғанда бейтаныс жігітті жеке алып кету керек болады. Есжан да ел мақтаған өнерлі жігіт, «Сен бар» дегенге кете қоя ма, сөйтіп анау-мынауға келіспей қалғанда, ауылдың өзімен шамалас жігіттерінің біреуінің қамшысы жаңсақ тиіп, Есжанның көзі жазым болып, «Соқыр Есжан» атанады. Міне, осы секілді күйлерді халық жадына сіңіру үшін тарихын білу маңызды,- дейді Жолдас ағай.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521