Жалпы саны 84 мың медициналық шприц Махамбет ауданына әкелінді.
Елдегі ахуалға байланысты халыққа өзінің көмегін көрсетіп, елдің ықыласына бөленіп жүрген жандар баршылық. Солардың бірі – атыраулық кәсіпкер Махмут Мералиев. Ол өзі басқарып отырған «Brando» шприцтер фабрикасы арқылы медициналық шприцтері тегін тарату акциясын қолға алған-ды. Аталған акция аясында Махамбет ауданына 84 мың шприц әкелінді.
Оның 21 мыңы аудан орталығына әкелінсе, қалғаны ауданға қарасты өзге ауылдық округтердің әкімдіктеріне табысталды. Ауыл әкімдері өз кезегінде медициналық шприцтарды амбулаториялық пунктке берген болатын.
«Қазіргі таңда Махамбет ауылы бойынша 327 көмекке зәру отбасының тізім шығарылып, еріктілердің көмегімен ол жанұяларға медициналық шприцтерді тарату жұмыстары жүргізілуде. Медициналық шприцтермен көпбалалы ана, аз қамтылған, мүгедек, бала күтімінде отырған аналар, жетім, тыл ардагерлері, зейнеткерлер бірінші кезекте қамтылатын болады. Жалпы аудан бойынша 1200 отбасыны қамту жоспарда»,- дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Дүйсембаев.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ