Махамбет ауданының білім беру саласына үлес қосқан жандарға құрмет көрсетілді

Аудан әкімі Ринат Жанқылыш бастаған атқамінерлер 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай білім беру саласында еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған нәзік жандыларға құрмет көрсетті.

Алдымен аудандық әкімдік өкілдері балабақшада еңбек етіп, кейін зейнетке шыққан Ағибаш Юсупованың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ағибаш ана 11 баланы дүниеге әкелген «Батыр ана». Ұзақ жыл саналы ұрпақ тәрбиелеуде қажырлы еңбек еткен Ағибаш апабүгінде ұрпағының қызығын көруде. «Әр күніме шүкір» деп отырған асыл ана еңбегін бағалап, құттықтап келіп жатқан әкімдік қызметкерлеріне алғысын білдірді. Ардақты анаға алғыс хат, гүл шоғы мен арнайы сыйлық та табысталды.

fa82179f-a744-4419-b3b9-528fb3255f2a

Ал 20 жылын балабақша меңгерушісі қызметіне арнаған Қалжан Тағамбаева – мектепке дейінгі тәрбиеде нәтижелі еңбек еткен жандардың бірі. Гүлнар Мырзагерейқызы, Болған Ғибатоллақызы секілді ысылған мамандармен қоян-қолтық қызмет атқарған Қалжан ананың да жасы 70-ке таяды. Бүгінде жолдасы екеуі 5 баладан немере-шөбере көріп отырған бақытты жанұялар қатарында.

ac4fde7f-9627-41b1-b8d5-62faa8e1d93e

- Еліміз тыныш болсын. Заманымыз бүтін болсын. Өсіп келе жатқан ұрпақтарға бақытты ғұмыр тілеймін. Келіп құттықтап жатқан ел азаматтарына көп рахмет. Бүкіл әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын,-  деді Еңбек ардагері Қалжан Тағамбаева.

42d3847f-232a-4e81-8ff7-9534bc8010b4

Құттықтаушылар Сарытоғай ауылындағы балабақша мен мектепте еңбек еткен Ләтипа Жолдасқызын да мерекемен құттықтады. «Алтын алқалы ана» сексеннің сеңгіріне шығып, көптің алғысы мен разылығына бөленген жан. Еңбек жолы бала тәрбиесімен және ұстаздықпен өткен ананы ауылдың кей келіндері «Ел анасы» деп те атайды.Бір қызығы, Ләтипа Жолдасқызының кенже қызы анасының жолын жалғап, аудан орталығындағы белді балабақшаның тізгінін ұстап отырса, бір келіні ұстаздық қызметте.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT