Махамбет ауданының 90 жылдығы тойланды

Осындай отаншылдық сезімді оятып, рухты асқақтатар кең ауқымды тақырып аясында ауданның 90 жылдық мерейлі тойына байланысты ұйымдастырылған салтанатты шара махамбеттіктер мен мәртебелі меймандарға бұрын-соңды болмаған ерекше көңіл-күй сыйлады.

Алты ай жаз бойы күрделі жөндеуге жабылған спорттық сауықтыру кешені жаңғырып, жасанып, жайнап шыға келді. Жап-жасыл алаң төріне құрастырмалы алып сахна орнатылған.

Аудан өнерпаздарының бастарын біріктірген, құрамы 90 адамнан тұратын «Атамұра» ұлт аспаптар оркестрі киіз үй пішіндес сахнаны жағалай жайғасқан. Үлкен ЛЕД экранда ауданның 90 жылдығына орай арнайы түсірілген деректі фильм жүріп жатты. Онда ауданның Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген табыстары, өзгерген өңірдің өркенді істері баяндалды. Осынау мерейлі мерекемен барша жиналған жұртшылықты құттықтау үшін мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының атынан жүрекжарды лебізін білдіріп, сәлемін жеткізді. -Тоқсан жылдық тарихымызды парақтасақ, ғасырлар қойнауына жасырынған жауһар жәдігерлерімізбен, ұлттық құндылықтарымызбен қайта қауышқандай боламыз. «Бәріне уақыт емші» дегендей, ұйытқи соққан замана желіне жон арқасын төсей жүріп, Махамбет ауданы да өмірдің көш-керуенінен қалмай алға ұмтылып, талай белестерді бағындырды. Қойнауы құт, киелі мекен өнерімен алты алашқа олжа салған тарлан таланттарымен де мақтана алады,- деді Әлібек Ибатоллаұлы сөзін одан әрі сабақтап. Бір кездері аты әлемге әйгілі болған Алтын орданың астанасы-көне Сарайшық қаласы әлі күнге дейін өзінің тарихи мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Оған жыл сайын сан мыңдаған шетелдік туристердің келіп, өткен ғасырлар құпиясына үңіліп, қызығушылық танытулары- Сарайшықтың қадір-қасиетін арттырып, тынысын аша түскендей. Көп ұзамай отандық туризмді дамыту жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Сарайшық тарихи кешенінің құрылысы басталады. Географиялық ерекшелігімен дараланатын, инфрақұрылымдарды жаңғыртуға қолайлы құт мекеннің болашағы бүгіннен де жарқын. Баршаларыңызды осынау торқалы тойларыңызбен құттықтап, мықты денсаулық, табысты еңбек, отбасы амандығын, ырыс-берекесін тілеймін.

Аудан әкімі Ж.Ахметов те махамбеттіктер мен мәртебелі меймандарды осынау тарихи есте қалар сәт-ауданның 90 жылдығымен құттықтады. Қоңыр күзде жыл құсындай жаңалығын алып, қоңыраулатып жеткен Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру жолында бірлесе жұмыстанайық деген тілегін жеткізген Жәрдемғали Бахуұлы қазақтың қонақжайлық дәстүрімен қош келдіңін айтуды да ұмытпады. Киелі Махамбет топырағы аузымен құс тістеген шешендерден, қысылғанда сөз, қиналғанда жол табатын көсемдерден, дәулескер күйші, күміс көмей әншілерден кенде болып көрген емес. Олай болса тойдың беташары республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері Гүлзира Ихсанова, Бексана Оңдағанова, Камшат Әлиева, Шолпан Мұқашевалардың орындауындағы дәстүрлі ән шеруімен басталуын заңдылық деп қабылдаған абзал. Қазақтың ақ селеулі даласын көзге елестетіп, сәукелелеріне шаншылған ақ ұлпа үкілері желмен желбіреген ару қыздар домбыраларын күмбірлетіп, атақты Мұхиттың «Айдайынан» бастап, бір-бірінен іліп алып, жалғастырып, тұнық аспан аясында біраз дәстүрлі әнді шарықтата, шалқыта, асқақтата төкпектетті.

Домбыра – бұл қазақ халқының қайсар рухы, оның шалқар дауысы, тарих қойнауынан жеткен ғажайып үні. Домбыра - шерте білетін шебердің қолында шерін төгеді, ғалам мен адамның, зұлымдық пен ізгіліктің жырын паш етеді. Домбыра – арман – мұратымызды әуен әлемінде әспеттеп, мәңгі көне әрі мәңгі жас аспап болып қала бермек. Домбыра – біздің, жан серігіміз, ән көрігіміз, сарқылмас мөлдір бұлағымыз! Келесі кезекте «Атамұра» ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазының «Балбырауын» күйін екпіндетіп, желдіртіп ала жөнелді. Оларға жасыл алаңда тізерлеп отыра қалған бірыңғай бүлдіршіндерден құралған 90 жас домбырашы қосыла кетіп, аққан селдей, соққан желдей ағындап, арындап барып басылды. Махамбетте он үш ұлттың өкілдері жергілікті халықпен тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын паш еткендей сол ұлттардың киімдерін киген алпыстан астам бишілер тобы алаңда мың бұрала билеп,айқыш-ұйқыш лазер сәулесіндей ауаны тілгілеп жатқан қуатты прожекторлардың сәулесі астындағы қимыл, қозғалыстарымен өнерсүйер қауымға әсем әсер қалдырды. Мерекелік шараны жүргізу- шілер Махамбет ауданының 90 жылдық мерей тойына орай танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері Тасмағамбетов Иманғали Нұрғалиұлынан, Шырдабаев Равиль Тәжіғараұлынан, Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлынан аудан тұрғындарын құттықтаған жеделхаттар келгенін хабарлады.

Ерлік пен елдіктің өшпес рухы

Махамбет ауданының 90 жылдығына арналған салтанатты шараның екінші бөлімінде осындай тақырыпппен театрландырылған қойылым тамашаланды. Экранда Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінен көрініс көрсетіліп, ұлтжанды ақын Мұхтар Шахановтың «Махамбеттің соңғы сөзі» өлеңі кадр сыртында оқылды. Естіген жанның сай-сүйегін сырқырататын рухты өлең көз алдыңа Махамбеттің басы кесілген Қараой жазығын көзге елестеткендей ерекше әсер қалдырады. Алаңда тоғыз қабат кіреуке киген батырлар жорық дабылын қағып, ақтабан атымен ойқастап, Исатай батыр бастаған он аттылы сарбаз ортаға шығып, халқымен сәлемдесудің ишарасын жасап, сол бойда Жайықты бетке ап шаба жөнелді.

Бұдан кейін жалауларын желбіретіп, түрік қағанатының батырлары алаңға шықты. Олар да өздерінің қимылдарымен сол бір дәуірдің тыныс-тіршілігін бейнеледі. «Махамбеттің ұрпағымыз» деп аталатын шараның келесі бөлімінде жергілікті ақындар мен сазгерлердің туған жер туралы туындылары орындалды. Ақын Х.Ізекеновтің сөзіне жазылған Т.Түсекеновтің рухты асқақтатар әнін аудан өнерпаздарынан құралған 100 адам хормен орындады. Жеке дауыста жезтаңдай әнші Ә.Төлеуов өзінің қуатты даусымен күндей күркіреп, «ақырып теңдік сұрайтын» Махамбеттің ұрпағы қандай болатынын әйгілегендей әсер қалдырды. Қазақтың ұлттық билерімен ерекше көзге түскен «Айналайын», «Әсем-ай» бишілер тобы салтанатты шараға бастан аяқ қатысып, сахнаның гүліне айналды. Бұрын-соңды көрмеген таңсық дүние-жарқ-жұрқ еткен өткір сәулелермен экранда тақырыпқа байланысты түрлі бейнелер мен жазуларды таңбалаған лазер шоуды көрген де бір ғанибет. Қашанда тыңдармандарының ерекше ықыласына бөленіп жүретін халықтың сүйікті әншісі Роза Әлқожа өзінің құлаққа сіңісті болған тамаша әндерін тойға тарту етті. Сахнаны жандырып, жайнатып жіберетін атақты «Жігіттер» квартеті сахна төрінен жарқ – еткенде, жұртшылық жапатармағай қол соқты. Олар да тартынып қалмады. Әуезді әндерін ашық аспан астында әуелетіп, мерекелік салтанаттың сәніне сән қосып, одан сайын ажарландыра түскендей болды. Әрине, мұндай ұлан-асыр тойдың финалы отшашусыз өтпейтіні белгілі. Тарс-тарс, гүрс-гүрс, жарқ-жұрқ!.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT