Махамбет ауданында жүгері өсіру қолға алынды

Ақжайық ауылындағы «Дастан» шаруа қожалығында облыстағы ауыл шаруашылығы саласы мамандарының басын қосқан еркін форматтағы далалық семинар өтті.  Мақсаты – шаруа қожалықта тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, өсіріп отырған мал азықтық жүгері алқабын осы салаға қызығушылықтары бар тұлғаларға таныстыру, тәжірибе алмасу. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтағы атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды насихаттау міндетін жауапкершілігіне алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев делегацияны өзі бастап келді.

5d708827-5db8-4248-a238-8bd524820b84

963af283-f738-4784-852c-185013c566e5

Биыл тәжірибе ретінде тамшылатып суару арқылы 5 гектар аумаққа жүгері егудің толық технологиясын меңгеріп алған «дастандықтар» алдағы жылдары 15-20 гектар жерге тұқым сеппекші. Осынау технологиямен 15 жылдан астам уақыт бойы көкөністерін шығарып келген шаруашылық осымен екінші жыл қатарынан жүгері өсіріп шығарып отыр. Егін шаруашылығымен қатар, төрт түлік, құс өсіруді қолға алған шаруашылық «Пионер» сұрыпты жүгеріден мол өнім алды.

– Жүгеріні егіп бастауымызға басты себеп – төрт түлігімізді мал азығымен қамту. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, сүтті бағыттағы қырық шақты ірі қарамызға қажетті азығын тауып беруіміз керек. Бір жағынан қазір сүтке деген сұраныс артқан. Сондай-ақ, құс шаруашылығын қатар алып жүргендіктен, жүгерінің собығыны жемге пайдалансақ, сабағын төрт түлікке азық ретінде кәдеге асырамыз. Ресей Федерациясындағы тамшылатып суару арқылы жүгері өсіруде қолға алған шаруашылық иелерімен байланыстамыз. Бұған дейін олар жаңбырлатып суарумен айналысып келген еді. Негізінен біздің өңірде жаңбырлатып суарудың тиімділігі төмен. Қатты желдің әсерінен судың түсімі әр түрлі болуы мүмкін. Сондықтан тамшылатып суару арқылы тамырына тікелей нәр барған дақылдың өнім беруі де жоғары болады. Әзірге жүгері аз көлемде егілгендіктен қол күшімен жиналады. Ал егер үлкен көлемде егілсе комбайн және өзге де техникалар қажет болады,- дейді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қ.Ерманов.

71dfccae-a23d-4b46-a55a-42e1ce31283a

Бір кездері «ХХІ партсъезд» совхозында, «Мұра» кооперативінде қызмет жасаған Хамидолла Орынбаев малға азық ретінде жем-шөп егіп, өсірумен айналыпты. 250 гектар аумаққа жүгері, суданка, сорго егіп, совхоздың, кооперативтің мал санының артуына, сүтінің мол болуына атсалысқан. Бүгінгі семинарға қатысқан ағамыздың айтуынша, сүтті бағыттағы ірі қараны көбейткісі келген шаруа үшін жүгеріден артық азық табылмайды.

d361d16a-16df-423c-93bc-c34a2b73b706

– Егістікті комбайнмен орып жинағаннан кейін топырақ араласпаған сүрлемнің де сапасы жақсы болды. Бүгінгі Қоныс Ермановтың бастамасымен қолға алынған жүгері алқабы гектарына 400 центнердей өнім жиналады. Кезінде жаңбырлатып суару техноогиясын пайдалансақ, бұл шаруашылық тамшылатып суаруды енгізіпті. Жаңбырлатып суару кезінде ылғалдың әркелкі түсуіне байланысты кей жерлерге су жетпей қалып, тұзы шығып кететін еді. Ал тамшылатып суару кезінде жердің де құнары артады, өнім де жеткілікті мөлшерде беріледі. Төрт түліктің сүтті бағытында жұмыс жасайтын шаруаға жүгері таптырмас мал азығы боп саналады. Алдағы уақытта көлемін ұлғайтып, жүгерінің сүрлемі көбейсе, төрт түлігі де, сүті де мол болмақ,- дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері. 

Жүгері алқабын көріп, таңдай қағысқан, көкейлеріндегі сан сауалдарына  семинарға қатысушыларға шаруашылықтағы соңғы технологияларға негізделген құрал-жабдықтардың да таныстырылымы болды.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT