Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлікке бет бұрған жандардың саны артып келеді.
Бірі түрлі Үкімет тарапынан берілетін көмектерді, яғни төмен пайыздық несиелерді, қайтарымсыз гранттарды пайдалана отырып іске асырса, енді бірі табан ақы, маңдай терімен тапқан қаражаттары арқылы кәсіп иесі атануда. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орайластыра аудан орталығынан «Зейнеп» азық-түлік дүкені ашылды. Бұл – биылғы жылы іске қосылған аудан бойынша төртінші кәсіпкерлік нысан.
Ашылу салтанатына қатысқан кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ж.Пазулов кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілеп, алға қарай да бірлесе жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, ақ жаулықты аналар, ақсақалдар ақ батасын беріп, салтанатты түрде нысанның лентасын қиды. Шашу шашылып, алғашқы келушілерге нан тегін таратылса, нәзік жандыларға гүл шоқтары ұсынылды.
- Қараусыз қалған пәтерді кәдеге жаратып, халыққа қызмет көрсету мақсатында отбасылық кәсіпті қолға алдық. Бұл кәсіпті өз қаражатымыздың есебінен іске қосып отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы пандусты да қондырдық. Барша аяулы аруларымызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, дендеріне саулық, әйел бақытын тілеймін, - деді кәсіпкер Сабиғат Маджанов.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі