Махамбет ауданында «Заң және тәртіп» жобасы аясында Әкелер форумы өтті

Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Цифрлық дәуірдегі серіктестік: әке мен мектеп ынтымақтастығы» тақырыбында аудандық Әкелер форумы ұйымдастырылды. Форумға аудан басшылығы, құқық қорғау органдары, білім саласының өкілдері, киберқауіпсіздік мамандары, мектеп директорлары мен әкелер қауымы қатысты.
Форум барысында құқықтық тәрбие мәселесіне айрықша назар аударылды. Махамбет ауданы прокурорының орынбасары Серік Жаңабаев 9-11 сынып оқушыларына арналған «Заң және тәртіп» тақырыбындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарына тоқталды. Ол құқық бұзушылықтың ұғымы, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің жас ерекшеліктері, түнгі уақытта заңсыз жүру, буллинг пен кибербуллинг, вандализм, ұрлық, есірткіге байланысты қылмыстардың салдары туралы нақты деректер келтірді.
– Жасөспірімдердің заңды білмеуі олардың болашағына үлкен қауіп төндіреді. Құқық бұзушылық тек жазамен шектелмей, оқуына, жұмысқа орналасуына және әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді. Сондықтан бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарда ата-ананың, соның ішінде әкенің рөлі ерекше,- деді С.Жаңабаев.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Аудан көлемінде кәмелетке толмағандар және оларға қатысты қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері құзырылы органдармен бірлесе бірқатар профилактикалық іс-шара өткізілуде. 
– Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізілген шаралар кезінде полиция бөлімімен 2024 жылы 452 әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, 2025 жылы 715 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып отыр. Ал 2026 жылдың қаңтар айында кәмелетке толмағандар арасындағы әр түрлі 61 құқықбұзушылықты анықтады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жасөспірімдердің қатысушымен жасалатын қылмыс өсіп отыр. Ата-аналарға балаларды түнгі, кешкі мезгілде бақылаусыз қоймау қажеттегіні ескертеміз. Бала тәрбиесінде ең алдымен ата-анасының ықпалы жоғары екені сөзсіз. Сондықтан балаларыңыздың кіммен сөйлесіп, қандай ортада жүргенін біліп жүргеніңіз абзал,- деді аудандық Полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлыбек Қанатов.
Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT