Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде алаяқтықпен күресті ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Бұл – бүгінгі шынайы ахуалдан туындаған, уақыт талабына сай көтерілген мәселе.
Соңғы жылдары интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы алаяқтықтың жаңа, күрделі түрлерінің пайда болуына жол ашты. Әсіресе «жеңіл ақша» уәдесіне сеніп, дроп немесе дроппер ретінде қылмыстық әрекеттерге еріксіз немесе саналы түрде араласып кеткен жастардың саны алаңдатады. Көп жағдайда олар өз әрекетінің салдары қандай ауыр жауапкершілікке алып келетінін толық түсіне бермейді.
Менің ойымша, Президент көтерген бұл мәселенің маңыздылығы – тек қылмыспен күресте емес, алдын алу шараларын күшейтуде. Құқық қорғау органдары қылмысты әшкерелеп, кінәлілерді жауапқа тартумен қатар, қоғамда құқықтық мәдениет пен қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға басымдық беруі қажет. Ал азаматтар, әсіресе жастар, банк картасы, есепшот, SIM-карта немесе жеке деректердің бөтен адамдардың қолына өтуі ауыр қылмысқа апаратынын терең түсінгені жөн.
Ұлттық құрылтайда айтылған ойлар бір ғана мемлекеттік органның емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Заң мен тәртіпті сақтау, цифрлық қауіпсіздікке бейжай қарамау – әр азаматтың саналы таңдауы болуы тиіс. Себебі алаяқтықтың алдын алу ең алдымен жеке жауапкершіліктен басталады.
Д. Мұханбеталиев,
Атырау облысы полиция департаменті
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны.


