Уәкілетті органдар осындай заң бұзушылықтардың жолын кеседі, ал тәртіп бұзғандар жауапқа тартылады.
Төтенше жағдайға байланысты аудан аумағында азаматтар мен автокөліктерге 21.00-06.00 сағат аралығында жүруге тыйым салынған болатын. Алайда азамат А.Е-нің мемлекеттiк орган белгiлеген режимге бағынбай 2020 жылғы 13 сәуірде 22 сағат 20 минут шамасында, Ортақшыл ауылы, Абай көшесі бойында жүргені анықталған. Бұл туралы Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық сотта Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармағымен азамат А.Е-ге қатысты әкімшілік іс қашықтықтан «TrueConf» қосымшасы арқылы қаралды.
Сот отырысында құқық бұзушы А.Е. өз түсінігінде әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын мойындайтынын, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып көрсеткен.
Ауданымызда ережеге бағынбай төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар саны көбейіп келеді. Ағымдағы жылдың 13 наурыз айынан бастап күні бүгінге дейін аудандық сотта Төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 16 әкімшілік құқық бұзушылық істері қаралған. Оның ішінде 12 әкімшілік іске ескерту түріндегі жаза қолданылса, 2 іс бойынша айыппұл салу түріндегі әкімшілік жазасы тағайындалған. Құрамында әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмағандықтан 2 әкімшілік істі жүргізу тоқтатылған.
Аудандық сот азаматтарды төтенше жағдай режиміне бағынуға, шыдамдылық танытып, түсіністікпен қарап үйден мезгілсіз шықпауға шақырады.
К.Сапарқызы