Аудан тұрғындарының тыныс-тіршілігі тікелей облыс орталығына тәуелді екені белгілі. Өйткені, азық-түлік те, дәрі-дәрмек те басқа да тұрмысқа қажетті өнімдер бізге қаладан жеткізіледі. Олай болса, төтенше жағдай кезінде Атырау қаласының карантинге жабылуы аудан өміріне қалай әсер етуде? Жалпы аудандағы ахуал тұрақты ма? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға Махамбет ауданы әкімінің орынбасары-штаб төрағасы М.Сейтқалиев жауап береді.
- Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуде қиындықтар жоқ па? Болса қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?
-Қазіргі уақытта азық-түлік дүкендері және дәріханалардан басқа кәсіпкерлік субъектілері жұмыстарын уақытша тоқтатты. Жұмыстарын жалғастыруға рұқсат берілген нысандар шектеулі уақытпен кешкі сағат 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Қалыптасқан жағдайға орай аудандағы барлық кәсіпкерлерге келісілген тәртіпте жүк тиеуге арналған «Газель» автокөліктерімен Атырау қаласынан азық-түлік тасымалдауға рұқсат беріліп отыр. Осы орайда аудан халқын тамақ өнімдері және дәрі-дәрмектермен қамту жолға қойылды. Аудан орталығы мен елді мекендерде бекітілген тәртіптер мен шектеулерді ескере отырып, апта сайын белгіленген уақытта жәрмеңкелер ұйымдастырылып «Алмалы Құс», «Первомайский» серіктестіктері, «Г.Саташева» және басқа да тауарөндірушілер өз өнімдерін халыққа делдалсыз ұсынуда. Сонымен қатар, 100-ден аса азық-түлік дүкендері халыққа қызмет көрсетуде.
Аталмыш індеттің өршіп тұрған кезеңіндегі басты қажеттілік ол - сақтану бетпердесі. Ауданда бұл жабдықтың тапшылығын азайту мақсатында 7 кәсіпкер («С .Мухамбетова», «Ділдә», «Диана», «Рамазан», «Балымжан», «Нұржан», «Сәттілік»), 8 ауыл тұрғыны бетперделер дайындап, сатуда.
Қазіргі уақытта азық-түлік қорына есептік мониторинг жүргізіліп, тапшылықтардың алдын алу шаралары қолға алынды.
«Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық бөлімшесі «Biz birgemiz» республикалық акциясы аясында, төтенше жағдайға байланысты халықтың жекелеген санаттарына азық-түлік тағамдары мен жеке бас гигиеналық құрал-жабдықтарымен, көмек беруді ұйымдастыруда. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 25 наурыз 2020 жылғы №109 бұйрығының 25 тармағына сай төтенше жағдай кезіңінде азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төмендегі санаттарға айлық есептік көрсеткіштің екі есесінен кем емес мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек алушы 68 отбасының 6-18 жас аралығындағы 164 баласына азық түлік – тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға 912 988 теңге көмек берілді. Одан басқа қосымша санаттағыларға осындай көлемде көмек көрсетілетін болады.
-Күндіз-түні жұмыста жүрген дәрігерлер мен полицейлер тиісті сақтандыру құралдарымен қамтамасыз етілген бе?
-Төтенше жағдай уақытында күшейтілген режимде жұмыс атқарып жүрген полиция және медицина қызметкерлері қоғамның денсаулығы үшін сүбелі үлестерін қосуда. Олардың қоғамдық ортада жүргендіктен аталмыш індетке шалдығу тәуекелі жоғары. Осыған орай, жауапты қызметкерлер жеке қорғаныш жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етілген. Облыстық денсаулық басқармасынан медицина қызметкерлеріне 4100 дана бір реттік бетперде, 200 дана респиратор, 15000 дана бір реттік қолғап, 100 дана бір реттік костюмдер беріліп, қажеттіліктер қоры жасақталды.
-Аудан бойынша қанша мекеме қашықтықтан жұмыс жасауға көшті? Олардың жалақылары қалай төленуде?
-Жергілікті мекемелерден жалақылары сақтала отырып, жасы 55-тен асқан және денсаулық жағдайы тұрақсыз азаматтар демалысқа жіберіліп, басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс атқару режиміне көшірілді. Шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс орындары мен тұрақты еңбекақыны сақталуы және кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі мәселелер бойынша аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі мен кәсіпкерлік палатасы бірлесіп, туындаған жағдайларды зерделеп, ахуал тұрақты бақылауға алынған. Махамбет ауданы аумағындағы мекемелер мен ұйымдарда жұмыс орындары мен тұрақты еңбекақыны сақтамау фактілері, арыз-шағымдар тіркелген жоқ.
-Оқушыларды қашықтықтан оқыту ешқандай қиындықсыз өтіп жатыр ма? Көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары интернет желісі және компьютер, смартфондармен толық қамтамасыз етілді ме?
-Ағымдағы жылдың 6 сәуірінен бастап аудандағы 15 мектептің 5951 оқушысы қашықтықтан оқыту процесіне кірісті. Оларға 688 пән мұғалімдері сабақ беруде.Оқушылар үшін республика бойынша бірыңғай қазақ сыныптарына «Балапан», ал орыс сыныптарына «Еларна» телеарналары арқылы телесабақтар ұйымдастырылған. Бұған қоса, аудандағы оқушылар пән мұғалімдерімен «Kundelik.kz», «Bilimland.kz», «darin.onlain», «google.classroom» цифрлық оқыту платформалары, «Whatsapp» мессенджері және электронды пошталары, еріктілер қызметі арқылы кері байланыс орнатып, білім алуда. Аудан бойынша аз қамтылған және мүмкіндігі жоқ және көпбалалы отбасылар оқушылары үшін де тиісті қолдаулар көрсету арқылы мүмкіндіктер туғызылып отыр.
-Әңгімеңізге, рахмет!
Б.СҮЙЕУОВА