Махамбет ауданында оқушыларға жат ағымның қаупі түсіндірілді

Махамбет аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Атырау облысы Махамбет ауданының Махамбет аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы құрамының мүшесі, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының теолог маманы, аудандық мешіттің бас имамы Нұрбек Ибайдуллаев, Махамбет аудандық полиция бөлімінің криминалистік тобының жедел уәкілі Данабек Рахметов және Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизм мен терроризм көріністерінің себептерін жою не әлсірету (немесе бейтараптандыру) мақсатында «Ғаламтордағы жаман тордан сақтан, жас ұрпақ!» тақырыбында оқушылармен кездесу өткізді.

Алдымен түсіндіруші топ Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебіне барып, жоғары сынып оқушыларын ақпараттандырды. Іс-шараның негізгі мақсатына сай теолог маман ғаламтор арқылы әр түрлі діни-экстремистік ұйымдар мен ағымдардың құрығына ілініп қалмауды ескертті. Яғни, кәмелетке толмаған жастардың кез келген дін атын жамылған парақшаларға, пабликтерге тіркеліп, олардың посттарын көшіріп алып таратып, достарына үгіт-насихат жүргізуге болмайтыны айтылды. Расында қазір әлеуметтік желіні жарыса пайдаланатын жастар имамдар мен ұстаздардан ақылды адамдай діни уағыз айтып, кітаппен дәлелі келтірілмеген, қасиетті Құран Кәрімде жазылмаған ескертпелерді насихаттап жүргені жасырын емес. Осыдан-ақ халықтың, тағы бір осыдан хабары жоқ достарының дін туралы ойына көлеңке салады. Бас имам Нұрбек Махмудұлы осыны жіті түсіндірді.

«Дінге келу әуелі Алладан, сосын адамның санасынан, жүрегі мен иманынан. Бірақ, діни сенімің сенің өзіңе, сенің айналаңа кесірін тигізбеуі керек» деп ашық айтты.

Махамбет аудандық полиция бөлімінің криминалистік тобының жедел уәкілі Данабек Рахметов те жастарға діни көзқарасты ашық білдіріп, тексеріп алмай, оңды-солды таратып, қоғамға қауіп тудыратын әрекеттер жасау қылмыстық жаупкершілікке әкелетінін жеткізді. Демек, кез келген әлеуметтік желіні пайдаланушы адам оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар діни ақпараттарды таратқанда абай болуы керек. Абай болуы былай тұрсын ҚМДБ-ның ұстаздары, арнайы теолог мамандар болмаса негізінен оларды рұқсатсыз жариялауға да тыйым салынған. Неге? Себебі, ол ақпараттардың астында басқа тілде жазылған жасырын құпия сөз болуы мүмкін немесе сол видеода, фотодағы уағызда дәстүрлі дінге қарама-қайшы түсініктер насихатталуы мүмкін. Ғаламтор арқылы адамдарды торға түсіру деген осы. Осы уақытқа дейін Махамбет ауданы бойынша 3 адам осындай әрекеттер үшін заң алдында жауапкершілікке тартылған.

 Аталмыш кездесу ары қарай О.Шонаев атындағы орта мектебі және Д.Төленов атындағы мектеп - гимназиясының жоғары сынып оқушыларымен жалғасты. Оқушылар мен ұстаздардың тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Соның ішінде «мектеп оқушыларына ораза ұстауға бола ма?» деген сауал көпті толғандырады екен. Бұл сауалға жауап берген теолог маман Нұрбек Махмудұлы:

Ораза ұстау Исламдағы қасиетті 5 парыздың бірі. Жасы, денсаулығы жеткен адам ұстағаны абзал. Бірақ ораза ешкімге салық салып, міндетсіп, кедергі келтірмеуі керек. Ораза ұстаған адам сабағын да оқып, жұмысын да жасап үлгеруі тиіс. Парызды өтеу өзіңіз үшін. «Мен оразада едім» деп мектепке келіп ұйықтау, үй тапсырмасын орындамау ұлкен қателік,- деп оқушыларға ораза ұстаудың мән-маңызын түсіндірді.

Сонымен қатар, О.Шонаев атындағы орта мектеп ұстаздары сабақ уақытында оқушылардың жұма намазға қашып кету фактілері жиі тіркеліп жүргенін айтты. Бұған байланысты құқық қорғау саласының маманы Д.Рахметов:

- Әрбір мектеп жасындағы кәмелетке толмаған оқушы білім беру ұйымының тәртібі мен талаптарына бағынуы тиіс. Себебі, сіздер үшін әуелі ата-анаңыз, сосын осы ұстаздарыңыз жауап береді. Сабақ уақытында, сабақтан тыс уақытта да ата-ананың рұқсатынсыз ешқайда емін-еркін баруға болмайды,- деп ескертті.

Сонымен қатар «балалардың мисуак иіс суын шашуы, сақал өсіруі дұрыс па?» деген әртүрлі сауалдар да қойылды. Бірақ, осы тұста балалардың дін төңірегіндегі түсінігі мен ұстаздардың ұстанымы сәйкес келмей жатқанын көруге болады. Иә, «тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Әйтсе, де дін әр адамның жүрегінде болатын рухани байлық болғандықтан өмірге көзқарасы енді оянып келе жатқан жасөспірімдерге қысым жасамау керек пе?! Мұндай күрделі тақырыптарды оқушылар ата-анасына, айта алмаса ұстазымен бөліспесе, кейін ол бір арам пиғылды адамдардың құрығына оңай түсіп қалмай ма? Бала түгілі ересек адамдардың өзі тура жолынан адасып қалып жатқан қаншама оқиға бар, тағдырлар бар. Сондықтан мамандармен мұндай кездесулер оқушыларға аса қажет. Бұл тұста психолгтар да, сынып жетекшілерде осы тақырыптарды жүрегіне жақын қабылдап жүрген балалармен жеке сұхбат өткізіп, жасырын сауалнама жасап, баланың бағытынан таймауына ықпалдасуы керек секілді.

Іс-шара барысында Н.Ибайдуллаев мектеп оқушыларына дәстүрлі діни бағыттың құндылықтарын жеткізе отырып, бүгінгі күнде өзекті, маңызды мәселелердің бірі болып отырған жас ұрпақтың ғаламтордағы жаман торға ілігуінен сақтану туралы тақырыпты кеңінен ашып, Махамбет аудандық полиция бөлімінің криминалистік тобының жедел уәкілі Д.Рахметов интернет кеңестігінде әлеметтік желіні пайдаланған кезде дін саласында кез келген ақпаратты ретсіз пайдаланудың нәтижесі әкімшілік құқық бұзушылыққа әкеліп соқтыратынын ескертті.

Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз - ұлттық рухани құндылықтың қайнар көзі. Сол құндылықты насихаттай отырып, радикалды діни ағымдар өз идеологиясын іске асыруды көздеп жатады. Одан сақтанудың бірден бір жолы – білім. Білімді, көзі ашық ұрпақ жат ағымның құрығына да, ғаламтор алаяқтарының арбауына да түспейді. Балалар бақылаусыз, білімсыз қалмауы керек. Жасыратыны жоқ, мектеп жасындағы балалардың діни түсінігін дұрыс бағытқа бұру ұстаздар үшін жылдан-жылға қиындап барады. Себебі, бала барлық ақпаратты телефоннан сіңіріп алады да, айналасын тыңдаудан бас тартады. Сондықтан, ата-ана, мұғалім, мамандар үштігінің ықпалы ғана балаға оң әсер ететіндігін ескерсек екен.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT