Асылхан мен Нұргүл –«Егіз лебіз» музыкалық шоуының жеңімпазы

Махамбет аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің қолдауымен аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі «Егіз лебіз» музыкалық шоуы ұйымдастырып өткізді.

Мақсат - халқымыздың ән өнерін дамыту, ауыл тұрғындарының ауданның мәдени өміріне белсенді араласуларын жандандыру, мәдени-тынығу жұмыстарын сапалы ұйымдастыру.

Ауданның танымал әншілері мен ән айтуға икемі бар өзге саланың қызметкерлері жұптасып ән айтып, сахнада жұп ретінде жеңіске бірге талпынды.

Шоуды бес кезең бойы сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, домбырашы, актер, «Өнерпаз» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Берік Әбілдай мен ойы ұшқыр, үнемі ізденіс үстінде жүретін, «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері Элеонора Файзуллаева жүргізді.

Музыкалық шоу қатысушылары бірінші кезеңде 70-80-90 жылдардағы ретро әндерді, екінші кезеңде танымал кинолардың саундтректерін, үшінші кезеңде қазіргі хит әндерді, төртінші кезеңде халық әндерін орындаса, бесінші кезең екі айналымнан тұрып, біріншісінде ана туралы қазақ әндерін, екінші айналымда өз таңдаулары бойынша еркін тақырыпта ән орындады.

Ретро әндер орындалған 1-кезеңде Нұргүл Жалмұханова мен Асылхан Бағыттың жұбы орындаған «Дос-Мұқасан» тобының репертуарындағы «Той жыры» әні көрермендер көңілінен шығып, тәнті етті.  Бірінші кезеңде барлық қатысушы екінші кезеңге жолдама алды.

Танымал кинолардың саундтректері орындалған кезеңде кино жанрының нағыз классикасы саналатын үндінің атақты  «Танцор диско» фильміндегі «Диско дансер» және «Джими Джими» әндерімен ағайынды Еламан және Жанна екінші кезеңнің әдемі нүктесін қойды.

Әли Төлеуов пен Жайнагүл Қарабалина «Не родись красивой» фильмінің саундтрегі «Если в сердце живет» әнін орындап көеремен көзайымына айналды. Қазіргі хит әндер орындалған үшінші кезеңде Роза Сүгірова мен Самат Есқалиевтің, Бекбол Қыдыров пен Амандық Исатайдың, Нұрболат Байахмет пен  Іңкар Шүкіртаева ерекше көзге түсті.

Халық әндері орындалған төртінші кезеңде Еламан мен Жаннаның жұбы, Нұргүл мен Асылханның жұбы үздіктер қатарынан табылды. Бесінші кезеңде Нұргүл мен Асылхан екі айналымда да жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Екінші кезең қорытындысымен екі жұп, үшінші кезең қортындысымен екі жұп, төртінші кезең қорытындысымен екі жұп жобадан шығып, финалға төрт жұп өтті. Олар: Әзілхан Құралбай мен Сейілхан Зұлхашев, Еламан Ғафуров пен Жанна Ғафурова,Анель Алпысбаева мен Бекзат Мұқат, Нұргүл Жалмұханова мен Асылхан Бағыт.

Қазылар алқасының құрамы әр кезең сайын ауысып отырды. Қазылар алқасының құрамында вокал мамандары, мәдениет саласының қызметкерлері, өнер жанашырлары болды.

Қатысушы жұптардың өнерлері қазылар алқасының екі айналым бойынша бағалауы және көрермендердің онлайн дауыс беруі арқылы сарапқа салынды. Қазылар алқасының бірінші, екінші кезеңдегі ұпай сандары мен онлайн дауыстың ортақ балы шығарылды.

Қорытындысында қазылар алқасының да, онлайн дауыстың да қортындысымен де оқ бойы озық шыққан Асылхан Бағыт пен Нұргүл Жалмұханованың жұбы «Егіз лебіз» музыкалық шоуының жеңімпазы болып танылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521