2025 жылғы 4 маусым күні Атырау облысы, Махамбет ауданының орталығында Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауыл жастарына арналған «TALAPTAN QUIZ» атты аудандық зияткерлік сайыс ұйымдастырылды. Бұл шара – жастардың білімін шыңдауға, бос уақытын пайдалы өткізуге және олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) қолдауымен, «Болашаққа Қозғалыс» жеке қорының және Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Зияткерлік сайыс “Daulet Hall” мейрамханасында өткізілді. Іс-шараға Махамбет ауданының Бейбарыс, Таңдай, Есбол және өзге де ауылдық округтерінен келген 14–35 жас аралығындағы 83 жас қатысты. Қатысушылар 4–6 адамнан құралған 12 команда құрамында өзара бақ сынады.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Әр раундта жалпы білім, логика, тарих, мәдениет, кино және спорт тақырыптарына байланысты сұрақтар қойылып, қатысушылардың ойлау жылдамдығы мен эрудициясы сыналды. Командалар уақытқа сай жазбаша түрде жауап беріп, әр кезең сайын жинаған ұпайлар негізінде бағаланды.
Іс-шараның басты мақсаты — ауыл жастарының зияткерлік белсенділігін арттыру, логикалық ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамыту, командамен жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру.
Сайыс қорытындысы бойынша төмендегі командалар жеңімпаз атанды:
- I орын – 67-километр командасы (70 000 теңге жүлде);
- II орын – EQ командасы (50 000 теңге жүлде);
- III орын – Шой командасы (30 000 теңге жүлде).
Жалпы жүлде қоры – 150 000 теңгені құрады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
Шара барысында қатысушылардың білім деңгейі мен дайындықтары жоғары бағаланды. Сонымен қатар, квиз форматындағы сайыс жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, жаңа таныстықтар орнатуға, белсенділік пен шығармашылыққа ынталандыруға үлкен мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ауыл жастарының әлеуетін ашып, оларды қоғамдық өмірге тартудың тиімді жолы болып табылады. Жастар тарапынан да қызығушылық пен оң пікірлер байқалды.