Агроөнеркәсіп – аудан экономикасының негізі

 «Алдымызда тұрған аса маңызды міндет бұл – ауылды жан-жақты дамыту. Себебі ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз» деп Президент Қ.Тоқаев айтқандай, ауылдардың дамуына жағдай жасау - мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі.

 Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытында түрлі мемлекеттік жобалар жүзеге асуда.

Бүгінде отыз мыңнан астам халық мекен еткен ауданымыздың экономикасы әртараптанып, тұрақты даму жолына түскен. Ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы жетістіктер  ауданымыздың экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі локомотивтерінің бірі десек, облыстағы аграрлы өңір саналатын ауданымызда бүгінде егін және мал өсіру бағытында 580 шаруақожалық белсенді жұмыс жасап келеді. Төрт түліктің саны жылдан –жылға көбейіп, алынатын өнімі де молайып келеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде мүйізді ірі қара малының саны - 18679 басқа, жылқы – 8109 басқа,  түйе - 5138 басқа, қой-ешкі -39869 басқа жетіп отыр. Өндірілген өнім көлеміне келсек, сүт –81,2%, ет –99,4%-ды көрсетсе жұмыртқа саны 8960 мың данаға артты. Ауданда атакәсіппен қатар, егінішілік те кең қанат жайғанын атап өтуіміз керек. Биылғы жылы 4500 га жерге бақша және мал азықтық дақылдар егілді. Атап айтсақ,  500 га жерге картоп, 1060 га жерге көкөніс, 440 га жерге бақша мен 2500 га жерге мал азықтық дақылдар. Көкөніс-бақша дақылдары өсірілетін алқаптың дені тиімділігі жоғары технология тамшылатып суару әдісімен - 1500 гектар, ал жаңбырлатып суару технологиясы арқылы - 970 гектар алқапта баптап-күтіледі.

Соңғы жылдары елімізде отандық экономиканың өркендеуіне септігін тигізетін инвестициялық жобаларға кең қолдау көрсетілуде. Ауданда индустрияландыру картасына енген жобалардың қатарындағы Бейбарыс ауылында ораналасқан «АйданаАгро» шаруа қожалығының 5,6 гектар аумақты алып жатқан жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары бүгінде жалғасып жатыр. Жылына 1323 тонна көкөніс жинауға бағытталған бұл жоба 60 адамды жұмыспен қамти алады.

 Бейбарыс ауылындағы тағы бір ірі инвест-жоба – «Atyrau Chicken» ЖШС жабық өндіріс циклі бар тауық етін өндіретін құс фабрикасы. Жылына 2 626 тоннадан 5 000 тоннаға дейін құс етін өндіру қуаттылығына ие.  Құс фабрикасын осы жылдың үшініші тоқсанында іске қосылмақ.

Жылына 130 тонна тауарлы балық немесе 15 миллион бекіре балығының шабағын өсіруді көздеген ірі жобалардың бірі - «А-Дана» ШҚ өткен жылы іске қосылуы тиіс еді. Алайда көктемгі тасқын су салдарынан бұл нысан зор зардап шекті. Ферманы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, жыл аяғына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT