Махамбет ауданында мал төлдету науқаны басталды(видео)

Әне-міне дегенше, шуақты көктемнің алғашқы айында тәмамдағалы отырмыз. Дәл осы мезгілде атакәсіптен нәсібін айырған малшылар қауымының жұмыстары қыза түсетіні сөзсіз.

Соның бірі, ұзақ жылдардан бері махамбеттіктерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан «Досқайыров» шаруа қожалығында мал төлдету науқаны қазірден басталып кетті. Аудан орталығынан отыз шақырымда орналасқан аталған қожалыққа барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.

byzay260320-261

Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын негізі қаланған шаруа қожалығының иесі Жеңісбай Досқайыров бүгінде жетпістің бесеуін бағындырып отырған ақсақалдың бірі. Осынша жасқа келгеніне қарамастан Махамбет ауданының Құрметті азаматы Жеңісбай ағамыз шаруашылық жұмысынан бір сәт қол үзбей, ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтып, көп жылдық тәжірибесімен бөлісуден шаршаған емес.

Тілшілер қауымын Ақтоғай ауылынан қарсы алған Жеңісбай ағаның Мұрагер атты ұлы шаруа қожалығына өзі бастап, алып барды. «Сәуір болмай тәуір болмас» дегендей, Мұрагер Досқайыров мал төлдету науқанының нағыз қызатын шағы сәуір айы екенін жасырмады. Соған қарамастан шаруа қожалығында науқан наурыз айында басталғандығын айтып, бізге мұндағы тыныс-тіршілікпен танысып шығуымызға мүмкіндік берді.

Отыз шақырымда орналасқан шаруа қожалығының иелері бүгінде 50 түйе, 150 ірі қара, 50 жылқы, 200 қой-ешкі малын өсіріп, талай жылғы қажырлы еңбектің жемісін көріп отыр. Шаруашылықта бір жалдамалы отбасы жұмыс жасайды. Оған қоса, шаңырақтың Тегісбай, Нұрлыбек, Нұрболат, Мұрагер атты ұлдары мен Айтуар, Атабек немерелері де қолғабыс етуде.

t

Табиғи өнім қашанда сұранысқа ие. Күніне 20-30 литр шұбат, 10-15 литр қаймақ, 50-60 литр сүт, ірімшік-құрт өндіріп, жергілікті халықты табиғи таза мал өнімдермен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтың аудан орталығында «Асыл-мұра» атты дүкені жұмыс істейді. Сүт өнімдері дүкеніндегі сауданың қызатын кезі енді басталады. Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеден де табылатын «Досқайыров» ШҚ өнімдерінің тұрақты тұтынушылары жетерлік. Мал бабын тапқанға бітеді деген рас. Уақытымен жемшөбін беріп, күтіп-баптаған мал азбайды. Керісінше, ерінбей еткен еңбегіңнің берекесін көресің.

- Биылғы тышқан жылы шаруагерлер үшін тиімді болғаны рас. Шүкір, малдарымыз қыстан күйлі болып шықты. Өткен жылы мал төлдету науқанында 50 бас бұзау, 100 бас қозы, 20 бас бота, 20 бас құлын алынса, биылғы жылға әзірге 15 бұзау, 1 ботамыз бар. Сәуір-мамыр айында науқан толық аяқталғанда, жалпы есебін шығаратын боламыз. Осыдан алты жыл бұрын ақ бас тұқымды 10 бұқа алған болатынбыз. Енді алдағы уақытта етті әрі сүті мол 50 бас ақ бас аналық сиырды алуды жоспарлап отырмыз, - дейді Мұрагер Жеңісбайұлы.

b

Ақтоғай ауылында бес жылдан аса уақыт ветеринар маманы болып қызмет атқарған ол 2018 жылдан бастап шаруашылыққа біржолата бетбұрып, атакәсіпті дамытуды қолға алып отыр. Бұл бағытта оның алға қойған жоспарлары да аз емес.

Шаруа қожалығының 1000 гектар жайылымдық жері бар. Оған қоса, 5 трактор, 2 бульдозер, 1 су таситын, 2 шөп таситын, 2 шөп шауып-дайындайтын техникалары да сақадай сайлаулы. Алайда жауын-шашынның аз түсуі, құрғақшылықтың салдарынан шабындық шөп шықпай, қысқы мал азығын көрші облыстан сатып алуға мәжбүр болып отыр. Сол себепті, шаруашылық иелері биылғы жылы 20 гектар жерге мал азығын дайындауды қолға алмақшы.

Атырау-Орал тас жолынан алты шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығына ауа райының қолайсыз күндері қатынау қиынға түседі. Сондықтан, алдағы уақытта жол мәселесін шешуде мемлекет тарапынан қолдау күтетін де жасырмады.

Айтпақшы, қожалықтың ауласында бүгінде 100 түп тал, 300-ге жуық жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Олардың қатарында алманың бес түрі, алмұрт, шие, өрік, алхоры бар. Бау-бақша жұмысын дамыту да алдағы жоспарларымыздың қатарында дейді қожалық иелері.

Саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты – үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларға дұрыс тәрбие беру болса, Жеңісбай аға да осы үш міндетін толық орындаған. Ол жұбайы Бақтылы апа екеуі 4 бала, 3 қыз тәрбиелеп, қазір 16 немересінің қызығын көріп отыр.

Біз барған шаруа қожалығының бүгінгі тірлігі осындай. Бейнетті еңбектің зейнетін көріп отырған шаруагердің отбасы болашаққа зор үмітпен қарайды.

Б.Сапарова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT