Қазіргі кезде жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңайға тимесі белгілі.
Жұмыс жоқ болса, табыстың келуі де неғайбыл. Бір сөзбен айтқанда, сүйікті ісіңмен айналысатын, бар ынта-жігеріңді жұмсайтын еңбек орнының болғанына не жетсін?!
Сымбат Ғалымова, жұмыссыз жас:
-2015-2018 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының КАЗИИТУ колледжінде құрылыс ғимараттарын қалпына келтіру мамандығы бойынша орта білім алдым. 2018-2019 жылдар аралығында Махамбет аудандық әкімдігінің құрылыс бөлімінде іс жүргізуші әдіскер болып қызмет еттім. Қазіргі таңда Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аталмыш мамандық бойынша сырттай жоғарғы білім алып жатырмын. Оқуым ақылы болғандықтан жұмыс жасап, ата-анама көмектескім келеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз жастар тізімінде бармын, алайда әлі күнге тұрақты немесе уақытша жұмыс ұсынылған жоқ. Қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлеймін, ағылшын тілін де жақсы білемін, білімім бар, бірақ өкінішке орай жұмыссыз жүрмін. Менің мамандығым сұранысқа ие болғанымен, ауылда жұмыс табу қиын болып отыр. Сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік жоқтығы қатты қынжылтады.
Жаңа заманның жастары жұмысты жиі ауыстырады деп сынап та жатамыз. Бұл олардың тұрақсыздығы емес, еңбек жағдайына, жалақыға көңілі толмағандығының айқын дәлелі секілді. Дегенмен қазіргі адамдардың бұрынғыдай бір жерде ұзақ мерзімде жұмыс жасаудан тез жалығатынын мамандар да растап отыр. Қалай десек те елдегі экономикалық өсім құлдыраған кезде жастар дағдарыстың әсерін алғашқылардың бірі болып сезеді, яғни әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуы оңайға соқпайды.
Солардың бірі Мұратова Ақтоты:
-Қазіргі таңда жоғары оқу орнында экономист мамандығы бойынша қашықтықтан білім алып жатырмын. Бұған дейін аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен аудандық әкімдікте, жастар ресурстық орталығында жұмыс жасадым. Кейін жыл аяғында бюджеттен бөлінетін қаржы біткен соң, келісімшарт тоқтатылды. Ауылдан қаперімде жұмыс табылмайтынын білген соң, қалада мүмкіндіктер көп шығар деп ойладым. Бірақ ол жақта тапқан табысым, күнделікті шығыныма ғана кетіп отырды. Шыны керек дипломсыз тұрақты жұмысқа орналасу қиын, ал кейбір мамандықтар тек қалада ғана сұранысқа ие болғандықтан, ауылдан кетуге тура келеді. Жастар ауылдық жерді көркейту үшін, мүмкіндіктер көп болуы керек деп ойлаймын. Себебі, нарықтық қоғамда жұмыссыз жүру, өмір сүруді қиындатып жіберері сөзсіз. Жұмыссыздық, соның ішінде жастар жұмыссыздығы бүгінде шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ал, мемлекет тарапынан оны азайту үшін қандай мүмкіндіктер мен бағдарламалар жүзеге асырылып жатқандығын мамандардың өзі айтып берді: Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы, Сайын Қожрақов - Жалпы қазіргі таңда «Махамбет ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Аудан бойынша 2020 жылы бағдарлама шеңберінде жұмыспен 92 жас қамтылды, оның ішінде:
1.Тұрақты жұмыспен 53 жас
2. Жастар тәжірибесімен 8 жас түлек
3 Әлеуметтік жұмыс орындарына 3 жас
4.Қоғамдық жұмыстарға 28 жас
5. Қысқа мерзімді оқытуға 13 жас жіберілді.
Қазіргі таңда жұмыссыздар есебінде тұрған жастар саны 206-ны құрайды. Жалпы бүгінде жастар арасында жұмыссыздықтың көбеюінің бірден-бір себебі, мамандықтарына сәйкес жұмыс көзінің болмауы және еңбек өтілінің жоқтығы болып отыр.
Түйін:
Иә, жұмыссыздық – қоғам өміріне тән құбылыс. Әлем елдерінің қайсысын алып қарасаңыз да, тіпті өркениетті елдердің өзінде жұмыс таппай, сеңделіп жүрген жастар саны аз емес. Бұл бүкілғаламдық тенденция десек те болады. Өйткені жұмыссыздық – нарықтық экономиканың бірден-бір көрінісі. Бастысы, жастардың еңбек етуге құлшынысын жоғалтпауымыз керек. Себебі, хакім Абай айтқандай,«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын»
А.САТАЕВА
Сурет:дереккөз