Есболдық Жалғас Таңатұлы бөдене бизнесімен айналысады

Бөдене бизнесінде береке бар.

Құс шаруашылығы саласына жататын бөдене өсіру ісі елімізде кенжелеп болса да дамып келеді. Осы бір жұдырықтай құстың жұмыртқасы биологиялық құндылығы жөнінен тауықтың жұмыртқаларын басып озатынын сіз білесіз бе? Мың түрлі ауруға шипа, әлемдегі Жапония сынды дамыған мемлекеттердің өзін қасиетімен мойындатқан бөденені біздің аймақта  бағып, бабын тауып отырған Махамбет ауданы, Есбол ауылдық округінің тұрғыны Жалғас Таңатұлы. Ол бүгінде «Жас қанат» деп аталатын шағын құс фабрикасын ашып, бизнесін дөңгелентіп отыр.

boden260320-26

Қатерлі ісікке ем болған

Тарихи деректерде бөдене жайында талай қызықтар жазылған. Бөдене еті тіпті, патшалар мен ақсүйектердің жеңсік асы болған, дастарқанынан үзілмеген. Бұл ерекше құсты өсіруді алғаш қолға алған – жапониялықтар. Қазіргі таңда жапон бөденесі, мрамор бөденесі, ағылшын бөденесі, фараон бөденесі атты төрт түрі өсіріледі. Бөдененің жұмыртқасы көптеген сырқатқа шипа. Әсіресе, адам организміндегі темір қалдықтары мен шлактарды тазартады. Бөдененің бес жұмыртқасы тауықтың бір жұмыртқасының салмағымен тең болса, оның құрамындағы калий мен фосфор тауық жұмыртқасынан бес есе көп, ал темір 4, 5 есе, В және В12 витаминдері 6 есе көп. Сонымен бірге, бөдене еті мен жұмыртқалары адам ағзасынан радиацияны да шығарады екен. Ал жұмыртқа құрамындағы лецитин қан-дағы холестеринді төмендететін көрінеді. Егер тәулігіне бөдененің 4-5 жұмыртқасын тұрақты тұтынса, ер адамның күш-қуаты артады. Бөдененің қалыпты дене қызуы 42 градус болғандықтан, оның сальмонелез, құс тұмауы сияқты жұқпалы дерттерге қарсы тұру қабілеті күшті. Сол себепті оның жұмыртқасын шикілей жұту өте пайдалы. Жапония мен Қытай да бірнеше ғасырдан бері оның еті мен жұмыртқасын халық медицинасында пайдаланып келеді. Тіпті, Жапонияда мектеп оқушысының таңертеңгі ас мәзіріне бөдененің екі жұмыртқасы міндетті түрде енгізіледі екен. Бұл балаларды бөртпе мен диатезден құтқарады, ойлау қабілетін арттырады. Жалпы бөдене жұмыртқасы анемияға, бас ауруына, демікпе мен туберкулезге, қан қысымының көтеріліп және түсіп кетуін реттеуге, салқын тигенге, тұмауға, асқазан, ішек ауруларына, әсіресе, асқазан жарасы мен гастритке таптырмас ем. Тіпті, жапониялықтар оның жұмыртқасын тұрақты тұтынған науқас қатер-лі ісіктің өзінен айығатынын дәлелдеген көрінеді. Бөдене қазаққа таңсық құс емес, ертегілерінде де жиі айтылады.

ainyr260320

50 жұмыртқадан неге 13 балапан шықты?

Осыдан екі жыл бұрын қалалық орыс әйелден 50 жұмыртқа сатып әкеліп, оны өзі қолдаған жасаған инкубаторда өсіріп бастаған Жалғас есімді жас кәсіпкер бастапқыда біраз шығынға батқанын да жасырмады. Әйтсе де, «шешінген судан тайынбас» деп, бір бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын ол қайткенде күтімін тауып, сол 50 жұмыртқадан 13 балапанды өсіріп шығарады. Осылайша, оның алғашқы жетістігіне куә болған ата-анасы, жары мен жақындары қолдау білдіріп, кәсібін ары қарай дамытуға кеңес береді. Бұрын-соңды бұл салада тәжірибесі жоқ, мамандығы да сәйкес келмейтін, бірақ ынтасы зор іскер жігіт, осы орайда ғаламтордың көмегіне көп жүгініп, бөденені өсіру, баптау туралы деректерді жан-жақты зерттей бастайды. Иә, бөдене жылуды жақсы көретін құс. Олар қора ішінде тұрып-ақ сәл жел өтінде қалып қойса, өнімділігі күрт төмендеп кетеді. Бұл құсты өсіруге ниеттенген адамдар алдымен қорасын жақсылап сайлап алғаны жөн. Бұл мәселені де Жалғас ешбір мемлекеттің қолдауынсыз, несиесіз өзі шешіп, үйінің ауласынан шағын, ең бастысы жылы етіп құстарға қора салып алған. Қазір сол қорада ол өзінің 13 балапанынан өрбіген 300-ге тарта бөденесін баптап-күтіп, өнімін алып отыр. Бұл құстың бір ерекшелігі сол, балапаны 45 күннен кейін жұмыртқа бере бастайды. Бастысы, жемі мен суы уақтылы беріліп, қалыпты температурада тұруы қажет. Хобби ретінде бастап, бүгінде кәсібін кеңейтуді көздеп отырған жас кәсіпкер Жалғас Таңатұлының бүгінде тұрақты тұтынушыларға ие болып, кейде тапсырысқа үлгермей қалатынын да жасырмады:

Хоббиім кәсібіме айналды

- Осыдан 2 жыл бұрын хобби ретінде бастаған ісім бүгінде бүтін бір отбасылық кәсіпке айналып келеді. Бастапқыда күмәнмен қарап, күлкіге айналдырған жандар көп болды. Уақыт өте келе олар бұл құстың жұмыртқасының өзі бірнеше түрлі ауруға ем екендігіне көзі жетіп, сатып ала бастады. Қазір тұтынушыларымның 70%-ы асқазан-ішек ауруына шалдыққандар. Бөдене жұмыртқасын шикілей, қайнатылған, қуырылған, пешке сусыз пісірілген күйінде пайдалануға болады. Оны түрлі салатқа қоссаңыз да өз еркіңіз. Ботқаға, картоп езбесіне немесе сорпаға да қосуға болады. Ең дұрысы, бәрінен пайдалысы – шикі күйінде ішу. Сонда ол өзінің айрықша дәрумендерін сақтап қалады.Сонымен қатар, түрлі тері ауруларын емдеуге және балалардың иммунитетін көтеру үшін де біздің өнімді алып жатқандар бар. 200 бөдене бір күнде 100-150 жұмыртқа бергеннің өзінде кейде тапсырыс үлгертпей қалып жатады. Қазір жұмысымызды әлеуметтік желі арқылы біршама жеңілдетіп, жандандырып отырмыз.

Атырау қаласы, Махамбет, көршілес Индер ауданы, Құлсары қаласынан алып тұратын тұрақты тұтынушыларым бар. Бір тапсырыста 60-70 жұмыртқа болса, жеткізуді тегін ұйымдастырамыз. Әзірге, алған жандар тек алғысын білдіріп, жақсы нәтижелерімен бөлісіп жатады. Алдағы уақытта мемелекет тарапынан кәсібімді кеңейтуге қайтарымсыз гранттар қарастырылса, бұл істі одан әрі дамытып, еліміздің нарығында өз өнімімізді көргім келеді. Жалпы, бөдене жұмыртқасы бір аптаға дейін өзінің құнарын 100 пайызға дейін жоғалтпайды. Ал 30 күннен кейін жұмыртқасының құнары 70 пайызға кемиді. Сондықтан, дүкеннен жұмыртқаны сатып алғанда абайлаған жөн. Елімізге келетін дүкен сөрелеріндегі Ресейлік бөдене жұмыртқаларын біздің табиғи, балғын өніммен алмастыру арманым-, дейді жас кәсіпкер Жалғас.

b

Қабығы да жерде қалмаған

Иә, бөдененің жұмыртқасы ғана емес еті де, сорпасы да қырық түрлі ауруға шипа деседі. Тіпті ел аузында жүрген бір әңгімеден естен қалғаны, атыраулық бір жігіт, туберкулезге шалдыққан әпкесін осы құстың сорпасын беріп, жазып алыпты. Ал, Жалғастың әзірге етін нарыққа шығаруға рұқсат қағазы жоқтығы кедергі болып тұр. Біреуі 150-200 гр болатын бөдененің сорпасы қадірін білгенге әрі құнарлы ас, әрі емдік тағам. Тек бұл ғана емес бұл ерекше құстың жұмыртқасының аршылған қабыршағын тастамай жуып, газ немесе «әсел» пешінде сәл кептіріп, кофе ұнтақтаушыдан өткізуге болатындығын қолданғандар айтуда. Олар дайындалған ұнтақты ірімшік, айран, тамаққа, болмаса суға бір шәй қасықтан қосып ішуге кеңес береді. Өйткені, оның құрамында 90 % кальций мен 27 микроэлемент бар. Ал зерттеулерге сүйенсек, дәріханаларда сатылатын кальцийлерге қарағанда бөдене жұмыртқасы қабығындағы кальций адам ағзасына өте сіңімді. Бұдан басқа, ол ағзаға аса қажет мыс, фтор, күкірт, кремний, мырышқа да бай.

balapan260320

Сондықтан ұсақталған жұмыртқа қабығын балалар мен жүкті келіншектерге ұсынған абзал. Ағзадағы кальцийдің молайып, сүйектердің қатаюына игі ықпалын тигізеді, әрі тістердің маржандай тізіліп, бүлінбеуіне әсер етеді. Атырау өңірі сынды экологиясы нашар аймақтың тұрғындары үшін бөдененің жұмыртқасы өте пайдалы екен. Еліміздегі алғашқы бөдене ғылыми зерттеу жұмысының авторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты Мұхтар Байбатшановтың айтуынша, Чернобыль апатынан кейін ғалымдар апат аймағында радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына бір ай бойына бөдененің жұмыртқасын шикілей ішкізсе, екінші топтағы балаларға жұмыртқа бермейді. Бір айдан соң жұмыртқа ішкен балалардың ағзасын тексергенде ғалымдар бөдене жұмыртқасы радиацияны ыдырататынын анықтаған. Мұрындарының қанауы, бас айналулары тоқтап, қандағы гемоглабиндері көбейген. Осыдан кейін көпшілік бөдене жұмыртқасын жаппай тұтына бастады.

Бұл өнім бізге керек-ақ

Кезінде АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастап, үлкен экологиялық апатқа ұшыратқаннан кейін, жапондықтар бөдененің адам бойындағы радиацияны ыдырататынын біліп, міндетті тамақ рационына енгізген. Сол кезде әрбір жапон баласы таңертең міндетті түрде бөдене жұмыртқасын шикідей ішетін болған. Қазіргі уақытта бұл елде бөдене шаруашылықтары жақсы дамыған. Жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндірілсе, бөденені зерттейтін орталықтар, институттар құрылған. Сонымен қатар, бүгінде Қытай, Үндістан, Германия және басқа да елдер бөдене ісін жандандыруға қатты көңіл бөлген.

Ал, біздің елімізде бұл кәсіп әлі күнге кең көлемде қолға алынбауда. Халық оның пайдасын білмесе, кәсіпкерлер күтімін таба алмай қиналады. Жұмыртқа салатын қалыбының өзін Жалғас Ақтөбе қаласынан тапсырыспен алдырып отырғаны айтады. Демек, облысымызда, ауданымызда бөдене өсіру шаруашылықтары көбейсе, өнімі де халыққа қолжетімді бағада сатылса, әр түрлі ауру-сырқаудың алдын алуға болмас па еді?

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT