Төтенше жағдай кезінде жандарын шүберекке түйіп, жұмысын бастаған шаруалар қауымының еңбегін бағалауымыз керек. Әсіресе, қырда жер жыртып, дән егіп жатқан диқандар үшін қазір қарбалас.
Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған Махамбет ауданының диқандары биыл 4034 гектар жерге дақыл егуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 550 гектарға картоп, 795 гектарға көкөніс, 385 гектарға бақша және 2300 гектарға мал азық дақылдары егілмек. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген нақылдың нақты жүзеге асатын кезеңі махамбеттік шаруалар үшін де жауапкершілікпен басталады.
Облыстағы алдынғы қатарлы «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ермановтың айтуынша, биыл 125 гектар жерге тұқым себуді жоспарлап отырған көрінеді. Оның 70-80 гектарға жуығы - ерте пісетін көкөністер мен бақша дақылдары болмақ. Біраз жылдан бері 350 гектар жерге егін егіп келген шаруагер, ол жердің құнары жылдан-жылға азаюына байланысты Атырау-Индер тас жолының шығыс бетіндегі тың жерді жыртып, тұқым себуге дайындап жатыр. Бұл жерді игеру үшін су құбырын тартып, арнайы су жинау орнын да жасақтаған. Ал әрқайсысы 10 соттық болатын жылыжайларда дәнді дақылдар егу жұмыстары ақпан айынан басталып кетеді. Соның нәтижесінде шаруалар ерте өнім алып, облыс халқын әдеттегідей алғаш болып, көкөніс өнімдерімен қамтымақ.
Қоныс Ерманов, «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі:
- Былтыр 6 жылыжайды іске қосқан едік, биыл тағы 4 жылыжайдың құрылысын аяқтадық. Енді 24 гектар жерге картоп егуді жоспарлап отырмыз. Күні бүгін 16 гектарын егіп, суарып қойдық. Бұдан бөлек 6 гектар жерге жуа, сәбіз, қызылша дақылдары егіліп, оларға да су берілді. Жаңа жерімізге құбыр тартып, жолдың келесі бетіне де су жүргіздік. 2 су жинайтын орынды қазып бітірдік. Оның ар жағына 100 гектар жерге құбыр тартылып жатыр. Сол жерге қауын-қарбызды шығарамыз деп отырмыз.
Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдарды тасымалдаушыларға рұқсатнамалар беріліп, қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Диқандар биылғы егістіктен өткен жылмен салыстырғанда мол өнім алатындарына сенімді.
«Қазір көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаруашылықтар 639 тонна аммиак селитрасы, 139 тонна аммофос тыңайтқыштарына сұраныс беріп, келісім-шарт арқылы жеткізіп отырмыз. Бәрі кезең-кезеңімен жеткізілуде. 48 шаруашылық тауарлы су көлемін пайдалануға келісім-шартқа отырып, өз жұмыстарын атқарып жатыр. Биылғы жылы мол өнім алып, оң нәтижеге жетеміз деген ойдамын»,- дейді Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ