Махамбет ауданында Хиуаз Доспанованың көшпелі көрмесі ашылды

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халық қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме ашылды.

Экспозициялық көрмеде «Қанатты қыздың» ерен ерлігі насихатталып, Атырау облыстық мәслихатынан «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілген куәлігі төсбелгісімен, жеке және отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен фотосуреттері қойылды. Іс-шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдерін ұлықтау және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген мақтаныш сезімін ояту, Қазақстанның қаһармандық ерліктерге толы тарихына құрметпен қарауға үйрету. Жалпы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Хиуаз анамыздың 150-ден астам экспонаты бар. Оның 120-сы құжат пен сурет болса, қалған 30-ы – өзі өмірде қолданған бұйымы мен заттары.

huiaz0811-3

– «Әуе ханшайымы» атанған Хиуаз Доспанова апамыздың туғанына 100 жыл толуына орай көшпелі көрме мамыр айында Астана қаласынан бастау алды. Одан әрі Ақтөбе, Алматы және Орал қалаларында жалғасын тапты. Көрмеге қойылған бұйымдарды, құжаттарды 2008 жылы біздің музейдің қызметкерлері арнайы Хиуаз анамызбен жолыққан кезде аманаттап алған болатын. Бүгінгі шараны ұйымдастыруға септігін тигізген жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғысымызды білдіреміз,- деді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларды ғылыми зерттеушілік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Болған Сүйеуғалиева.

huiaz0811-4

Сондай-ақ көрмеде неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер ұсынылды.huiaz0811-2

Көрермендер майдан даласындағы азаматтардың пайдаланған әскери киімдері, жазған хаттары, жауынгерлік құралдары мен тылдан жіберілген қолғап-шұлық үлгілерін тамашалады. Бес күнге созылатын көрме Махамбет ауданының тұрғындары мен қонақтарына насихатталмақшы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT