Шетелдік оқу орнын үздік аяқтап, онда алған сапалы білімін елдің өркендеуі жолына арнап, бүгінде абыройлы қызмет етіп жатқан жастарымыз жетерлік. Солардың бірі жерлесіміз Жұмахметова Алина Нұрлыбекқызы.
Ол АҚШ-тың Хьюстон колледжі мен университетінің түлегі, бүгінде Атырау қаласындағы NCOC компаниясында кадр бөлімінің кеңесшісі қызметін атқарады. Ол өзінің шетелде өткен студенттік жылдарындағы естеліктері жайлы айтып берді.
- Рас, өзге мемлекетке оқуға түскен 18 жастағы мен үшін бастапқыда үйренісіп кету оңайға соқпады. Ағылшын тілін толық игеріп кеткенше күнделікті өмір сүруде, айналаңдағы адамдармен емін-еркін сөйлесуде, олардың мәдениетін жете түсінбеу сынды қиындықтармен кездестім. Тіпті, ең алғаш рет әуежайдан түскенде елден әкеле жатқан тағамдарымыздың себебінен бірнеше сағат кідіруге тура келді. Заң бойынша ол елге тамақ апаруға шектеу қойылған. Апарған жағдайда да арнайы құжаттармен ғана өткізеді. Сол кезде ағылшын тілін жетік білмегеніміздің кесірінен мұны түсіндіре алмай, соңында барлық тамақты қоқысқа тастауға мәжбүр болғанбыз. Сөйтіп, бар зейінім мен уақытымды тез арада тіл үйренуге арнадым. Менің айналамдағы ағылшындардан бір артықшылығым қазақ және орыс тілін жетік білуім жаңа тіл үйренуге маған екі есе күш-жігер берді десем болады. Тілді толық меңгергеннен кейін жұмысқа орналасуға, қосымша табыс табуға, тіпті, көлік жүргізуді үйреніп, жеке автокөлік сатып алуыма да жол ашылды. Мен өмір сүрген Техас штатында ағылшын тілінен кейінгі меңгеру керек тіл – испан тілі болды. Сол себепті, ағылшын тілімен шектеліп қалмай, адамдармен күнделікті қарымқатынас барысында тілдесу үшін испан тілін де үйрендім, - дейді Алина Нұрлыбекқызы.
Мақсаты айқын, білімге құштар қазақ қызы университет қабырғасында жүріп-ақ, дәріс беретін профессорының айтуымен жергілікті әкімдікке қызметке орналасады. Бірақ, ол жұмыс оған айлық емес, үлкен тәжірибе береді. Яғни, атқарған жұмысын жоба ретінде сәтті қорғаса, ол бір пәннің бағасы ретінде есептеледі екен. Айтуынша, қызмет барысында ол жердің еңбек кодекстерін меңгеріп, еңбек дауларына қатысты мәселелермен тікелей жұмыс жасап, оны шешуге өз үлесін қосқан. «Әр елдің салты басқа» демекші, кейіпкеріміз әңгіме барысында ағылшындықтардың өмір сүру салтының үлгі аларлық тұстары жайлы біраз мысалдар келтіріп өтті.
- Адамдар ашық-жарқын, өте қарапайым әрі жан-жақты. Ол жақта көшеде кетіп бара жатқан адамдармен танысын-танымасын амандасып, кез келген тақырыпта әңгіме айтып кете аласың. Неше түрлі ұлт өкілдерінің шоғырлаған мекені десек те, бір-бірін тілі-діні бөлек деп бөлмей, көмек қолын созуға, кеңес беруге дайын тұратындығы мені қатты таңқалдырды. Сонымен қатар, онда адамдар денсаулығына, ішер асының сапалығына, спортқа ерекше көңіл бөледі. Кішкентай балалармен қатар 70-80 жасқа келген егде адамдар да таңғы уақытта жүгіріп, бірге жаттығып жүреді. Салауатты өмір салтын ұстанып, өмір сүру сапасын арттыру олар үшін ең маңызды дүние. Бұл үрдіс менің де спортқа деген қызығушылығымды оятты, - деп еске алған ол студенттік жылдары волейболға қызығып, ол жақта ең алғаш жағажай волейболына қатысып бастаған екен.
Жан-жақтылықты жаны сүйетін 27 жастағы жерлесіміз елге оралған соң 2020 жылдан бастап облыстық волейбол қыздар құрамасының белді мүшесі атанады. Түрлі деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетіп келе жатқан команданың қоржынындағы жүлде қоры да аз емес. Биылғы жылы өткен облыстық турнирде Алинаның өзі «Ең үздік қорғаушы» атағын иеленгенін де атап өткеніміз жөн.
- Жалпы шетелде кез келген адам үшін білім алу, өмір сүру қиын. Көп жағдайда адамның мінез-құлқына, тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Ақша табамын деп оқуын тастап, бағытынан жаңылысқандарды да көрдік. Мұнда келгенде білім аламын, ата-анамның үмітін ақтаймын деген алдыңызға қойған айқын мақсатыңызға қарай табандылық танытсаңыз ғана сізге өмір сүру де жеңілдей түседі. Себебі, білімді адам ғана өз жолын жаңылмай табады, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Оқуын сәтті аяқтап, жеті жылдан соң елге, туған жеріне оралған Алина бүгінгі таңда NCOC компаниясындағы қызметімен қатар, онлайн түрде ағылшын тілін үйретуді қолға алған. Оның 13-50 жас аралығындағы адамдарға арналған курсын аяқтаған 30 студентінің ішінде екеуі Назарбаев университетінің магистратурасына грантқа түскен екен. Отбасының ортаншысы Алина сөз соңында өзінің осындай деңгейге жетуіне, қыздарының болашағы үшін барлық жағдайын жасаған ата-анасына ризашылығы шексіз екендігін білдірді. Ата-анасының жастайынан еңбекке деген құштарлығы тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарына әрқашан күш-жігер бергенін мақтанышпен айтады.
- Жеті жылдық ғұмырым шетелде өткенде түсінгенім, мен үшін өз елімнен, туып-өскен жерімнен артық жер жоқ. Менен біреу өміріңдегі ең үлкен жетістігің не деп сұраса: «Ол – Отаныма оралып, елге қызмет етуім» деп жауап берер едім, - дейді жерлесіміз.
Лайым, өз ұлтына, еліне деген құрметі мен сүйіспеншілігі жоғары тұратын осындай жастарымыз көп болғай!
Балнұр САПАРОВА