Қаулыда көрсетілген шектеулерді қаперіне алмайтындар әлі де бар.
Аудандық әкімдік және полиция қызметкерлерінен құрылған мобилді топ мүшелері бірлесе өткізген рейд барысында, індет кезінде санитарлық талаптарды бұзған бірнеше кәсіпкерге акт толтырылып, түсініктемелері алынды.
Рейд жұмысы кезінде Атырау облысы бас санитарының №52 қаулысына енгізілген өзгертулер мен №53,54 қаулылары басшылыққа алынды. Қаулы бойынша азық-түлік өнімдерін сататын дүкендерге санитарлық талапты сақтай отырып таңертеңгі 10.00 –ден кешкі сағат 21.00-ге дейін ашуға рұқсат етілген. Ал өзге сауда дүкендері мен базарлар, қоғамдық тамақтану орындары онлаин немесе телефон арқылы ғана тапсырыс қабылдай алады.
Көлік жөндеу және жуу орталықтарының, өзге де тұрмыстық техникаларды жөндеу орындарының жұмысы тоқтатылады. Бұған қоса көшеде бетпердесіз жүруге де болмайды. Жағажайда демалыс ұйымдастырып, суға шомылуға да тыйым салынады. Өз үйінде аз адаммен болса да отбасылық шараларды өткізуге рұқсат етілмейді.
Мобилді топ мүшесі, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысы Ж.Пазуловтың мәлімдеуінше түсінік жұмыстары жүргізіліп, алдын-ала ескерту шаралары жасалғанына қарамастан рейд кезінде «093» көлік жөндеу орталығының емін-еркін автокөлік иелеріне қызмет көрсетіп отырғаны және “Арба” құрылыс дүкені жұмыс жасап тұрғаны анықталды.
- Қос нысанның жұмысшысынан да түсініктеме алынды. Бұған қоса «Дарын» кәсіпкерлік обьектісіндегі жалға алушы кәсіпкерден түсініктеме алынып, тағы екі кәсіпкерге акт толтырылды. Учаскелік полиция қызметкері толтырып, рейд мүшелері қол қойған құжат аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданады,- дейді Ж.Пазулов.
Б.СҮЙЕУОВА