Ардагерлерді құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – қазақтың қанына ата-бабадан сіңген қасиет. 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» болып жарияланды. Бұл мереке ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін ерекше күн.
Осынау күнге орай аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Мерекелік кешке аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев қатысып, ардақты ардагерлерді мерекесімен құттықтады.
– «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөзді кішкентайымыздан бойымызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Халқымыз қашанда қарттарын құрметтеп, қадірлеген. Бір кездегі жас – қазіргі қария. Олар қайнаған тірліктің ортасында болып, ізбасар тәрбиеледі. Ауданның әл-ауқатының жақсарып, экономикасының көтерілуінде сіздердің еңбектеріңіз зор, қолтаңбаларыңыз айқын. Сіздер салған сара жолмен қазіргі ұрпақ еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында ардагерлерге құрмет көрсету жөнінде тапсырмалар берді. Осыған орай әр деңгейдегі атқарушы орган өкілдері ардагерлерге қолдау көрсетіп келеді. Өткізілген іс-шаралардың барлығы жас ұрпақтың үлкенге құрметіне бағытталады. Мереке қарсаңында отбасыларыңызға амандық, өздеріңізге денсаулық, ұрпақ қызығын көруді тілейміз,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Аудан әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласының дамуына үлес қосқан ардагерлерді алғыс хатпен марапаттады. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов те салтанатты шараға қатысып, ізгі тілегін жеткізді.
– Атырау қаласында 150 орындық «Ұзақ өмір сүру орталығы» бар. Оның ішінде ардагерлерге әлеуметтік көмек алуға, денсаулығын тексертуге, спортпен шұғылдануына бар жағдай жасалған. Бірақ қарттарымыздың қатысу деңгейі төмен. Мен қашандай ардагерлеріміздің қай-қай жұмысқа да белсене араласуы керектігін айтамын. Өмірден көргені мен тоқығаны мол қарияларымыз – біздің баға жетпес байлығымыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз кейінгі жас ұрпаққа үлгі болады. Баршаңызға мықты денсаулық, әр отбасыға береке, бірлік, мейірім мен шуақты ғұмыр тілеймін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! - деді М.Өтешов.
Облыстық ардагерлер кеңесінің тапсырысы бойынша әзірленген Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» мерекелік медалімен аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, мемлекеттік қызмет саласы ардагері Қадим Сисенғалиев, ақын Жәниба Қарасаева және кәсіпкер Бағыт Ғабдуллин марапатталды. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің «Тәлімгер» медалі ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған Айтқали Бағытовқа, «Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова» атындағы медаль ақын Амангелді Есенғалиевке табысталды. Шара барысында бір топ қария аудандық мәслихат төрағасы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының алғыс хатымен марапатталды.
Шараға қатысқан аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа жақсы мен жаманның аражігін ажырататын өсиетті ақыл-кеңестерін берді. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі. Кеште жезтаңдай әншілер мен дауылпаз күйшілер, мың бұралған бишілер өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ