Облыста іргелі, көпсалалы алдыңғы қатарлы кәсіпорындар көп. Сондай аудан аумағына қарасты кәсіпорынның бірі де бірегейі – «Вест-Дала» ЖШС. Осы кәсіпорынның қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі операторы Қуандық Нәсіпқалиев аудан абыройын асырып, «Еңбек жолы» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды.
Қуандық Үсенұлы «West DaIa» ЖШС қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі операторы болып, еңбек етеді. Еңбек өтілі – 5 жыл. Қуандық конкурстың «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясын жеңіп алып, республикаға жол тартты. Ол аталған кәсіпорынға 2018 жылы оператор болып, жұмысқа кірген. Жұмыс істей жүріп, сырттай С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетіне оқуға түсіп, оны 2022 жылы ойдағыдай бітіреді.
– Отбасында ата-анам, апам бар. Әкем мұнай саласында еңбек етсе, анам – қаладағы Ю.Гагарин мектебінде мұғалім. Үйде өзі екі баламыз, апам тұрмыста, ал мен әлі үйлене қойған жоқпын. Менің «Вест-Дала» ЖШС-де жұмыс істегеніме 5 жылдың жүзі болып қалды. Жұмысым өзіме ұнайды. Бұл мамандықтың ыстық-суығына шыдап, төселіп те қалдым. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйреніп, көп нәрсеге қол жеткіздім. Қай мамандықтың да оңайы жоқ. Қай-қайсысының да өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар. Сол себепті жастардың мамандық таңдауда әбден ойланып-толғанып, қолынан келетін істің тізгінін ұстағаны абзал. «Еңбек ер атандырады» демей ме. Үйде шалқайып жатып, шалқып керемет өмір сүрсем деп бос армандап, қиялдағаннан қарын тоймайды.
Осы мекемеде қызмет еткеніме бес жылдай болыпты. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасы артуына көп үлесін қосады. Әрине, атақ-абырой, бақ-дәулет, толағай табыс әр адамға өздігінен келе қоймайды. Бұл – бірнеше жылдың жемісі, адал еңбектің нәтижесі. Жұмысшы мамандығы қат болып тұрған шақта еңбек адамының орны тым бөлек дер едім. Соңғы кездері шаруашылықтарда, өндірістерде еңбек ететін жастар саны аз. Еңбек адамы – ел мақтанышы. Мен «Еңбек жолы» республикалық конкурсына «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша қатысып, бақ сынадым.Облыстық кезеңде жеңімпаз атанып, одан әрі республикалық кезеңге жол тарттым. Жүлдегер атанғанда, қуанышымда шек болмады. Жұмыспен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын, еріктілікпен(волонтерлық), қайырылымдылықпен де айналысамын. Жыл сайын «Мектепке жол» акцияларына қатысып, қарттар үйіндегі қарияларға қолғабыс тигізуден қашпаймын. Қазақта «Еңбек ер атандырады» деп тегін айтпайды. Еңбек етуден қашпау керек. Еңбектің наны қашанда тәтті екені рас. Еңбек еткісі келетін адамға іздесе, жұмыс қай жерден де табылады. Көптеген замандасым жан қинап, тер төгіп, еңбек еткісі келмейді. Бірақ бірден күреп, көп ақша тапқысы келеді. Еңбек еткенде шыдамды болу керек деп ойлаймын. Қандай жұмыс болсын өз қиындығы болады. Тек бәріне шыдау керек, оны еңсере білу де өнер. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Еңбексіз өмірдің мән-маңызы жоқ. Өз басым еңбек адамына мәртебе беріп, оны көтермелеген дұрыс деген ойдамын. Бұл адамдарды сенімділікке, жеке белсенділікке, мақсаттар мен ойлардың бірлігі арқылы тұрақтылық пен үйлесімділікті қамтамасыз етуге атсалысуға үндейді. Тарихтың ең қиын сәттерінде өзімізді, мемлекеттілігімізді сақтау үшін бойымызға жақсы қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды қалыптастырамыз. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда еңбек адамы идеясы өз үлесін қосары сөзсіз,-дейді кейіпкеріміз.
Қуандықтың жұмысы аса жауапкершілікті, табандылықты талап етеді. «Еңбек адамдары –ел көшін алға сүйрейтін қуатты күш. Кәсіпорын мені маман ретінде шыңдап, саланың сайыпқыраны атандырды. Мен бақыт кілтін еңбектен тапқаныма дән ризамын» дейді Қуандық. Оның еңбегі ескерусіз қалмады. Еңбектің ескерілгенін мадақтама, Алғыс хаттар растайды. Жұмысында мақтаулы, ісі тыңдырымды, елгезек, кішіпейіл, еңбекқор Қуандықтай жас маманға қандай мақтау айтса да жарасады. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, ерінбей еңбек қылғанның қашанда несібесі мол болмақ.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА