Үкіметтің «еститін мемлекетке» айналуын қатаң тапсырған Президент ҚасымЖомарт Тоқаев ашықтықтың, қолжетімділіктің маңыздылығын айтқан болатын. Осы орайда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылып, облыс, аудандарда өкілдері өз жұмыстарына кіріскен-ді.
«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аудандағы жұмысымен, «ашық әкімдік» жобалық кеңселерінің де құрылуын және тұрғындардың мемлекеттік қызмет алуда қиыншылықтары бар-жоғын тексеру мақсатында республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Байгулов ауданымызда болып, бірқатар нысандарға бас сұқты. Алдымен аудан әкімімен жолыққан жобалық кеңсенің жетекшісі «ашық әкімдіктің» болашақ орналасатын жерімен таныстыруды сұрады.
- «Ашық әкімдік» тұжырымдамасы бойынша аудан әкімдігі жанынан азаматтарға қызмет көрсететін заманауи фронт-кеңселер ашамыз. Орталық интернетпен, азаматтарға қабылдауға арналған орынмен, өзін-өзі қызмет көрсету секторымен қамтылады. Біздің жоспарымыз бойынша аптасына 2-3 рет сол жерге дербес бөлім басшыларын, қажетті мамандарды, құқық - қорғау органдарының қызметкерлерін жинап, тұрғындарға қабылдау өткізетін болады. Әлеуметтік желі арқылы хабардар болған тұрғындар келіп, өзін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады,-деді аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы.
«Көпшілік жағдайда әкімдердің кабинеті жоғарғы қабатта орналасқан. Өз кабинетіңізді төменгі қабатқа орналастырып, ашықтыққа көшу ойыңызда бар ма?!» деген «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Адиеваның сұрағына:
- Иә, төменгі қабатқа кабинетті ауыстыру ойымызда бар. Аудандық әкімшілік болғанмен де, бұл ғимаратта түрлі дербес бөлімдер де орналасқан. Егер қажетті ғимарат әкімдік балансына өтетін болса, бұл бөлімдерді сол жерге көшіріп, бос кабинеттерді белгілі бір мақсаттарға пайдаланатын боламыз. Қабылдау жұмыстары да сол жерде өткізіледі,-деп жауап берді аудан әкімі. Бұл тұрғыда «Кәсіпкерлерге арналған үкімет» ғимараты көзделген болатын. Тиісті орын қажетті жабдықтармен жабдықталып, алдағы уақытта халық игілігіне берілмек. Республикалық жобалық кеңсе жетекшісінің айтуынша, «ашық әкімдік» жергілікті әкімшіліктен қашық болмағаны абзал. Келесі нысан – аудан орталығындағы Әділет басқармасы. Бұл жер Төлеген Зейнешұлының көңілінен шықса керек, «ашық әкімідікті» нақ осы жерде ұйымдастырғанның жөн екендігін айтты. Бұл жұмыстардың барлығы да мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, жемқорлықты азайтуға қызмет етеді.
- Бастысы – аудандық әкімдік жанынан «ашық әкімдіктің» ашылуы. «Ашық әкімдік» - халықтың күрмеулі мәселесін мемлекеттік құрылымдарда бір күнде, бір жерде шешуге мүмкіндік беретін жоба. Мемлекеттік қызметті алу тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы маңызды. Негізгі басымдық зейнеткерлерге, мүгедек жандарға берілетін болады. Сондай-ақ үйінде компьютер, интернеті жоқ тұрғындар да келе алады. Жалпы мемлекеттік қызметті алуға сапалы түрде жағдай жасалу керек,- дейді республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Т.Байгулов.
Кейін «Азаматтарға арналған үкіметтің» жұмысымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрген жобалық кеңсе жетекшісі ат басын Ақтоғай ауылына бұрды.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ