«Ақтоғайға жол салынады» дегенді естіген ауыл тұрғындары бөркін аспанға ата қуанған еді.
Бірақ, қуаныштарын су сепкендей басқан бір жағдай оларды күмәнді ойға жетеледі. Дәлірек айтқанда, бұл ауылда бұрын-соңды асфальт болмағанына қарамастан жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
- Жолдың паспортында «күрделі жөндеу» деп жазылып тұрғаннан кейін осы мәселені көтердік. Яғни, күрделі жөндеу жасайтындай біздің ауылда бұрын жол да болмаған. Сондықтан қанша маманы болмасақ та, «күрделі жөндеу» емес, «жол салу» жұмыстары болуы керек деп ойлаймын. Ауылымызда сондай-ақ су, жарық мәселелері де бар. Осыларды көтеріп, комиссия алдында да, депутаттар келгенде де қозғап жүрміз,-дейді ауыл тұрғыны Айбек Нұрлыбайұлы.
Махамбет аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тапсырыс беруімен жасалып жатқан жұмысқа жауапты мердігер – «Казкомсервис» ЖШС. Нысанның паспортына сәйкес 100 метр Наурыз көшесі, 852 метр Сауықов көшесі, 898 метр Бақсай көшесі, 383 метр Балабақша көшесі, 392 метр Достық және 746 метр Тайманов көшелеріне, жалпы 3 шақырымнан аса жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
- Иә, Ақтоғай ауылында бұрын жол болған жоқ. Күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы 2017 жылы жасақталып, қабылданған. Ал бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың 30 пайызы аударылды. Материалдардың барлығы жергілікті жерден алынған. Өткен айда басталған жұмысты жоспарланған уақыттан ертерек аяқтайтын боламыз,- дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы А.Сапаров.
Жолдың сапасын бақылауға ауылдың белсенді азаматтары да жұмылдырылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірге жұмыстардың басы-қасында жүрулеріне мүмкіндік беріліпті.
- Ақтоғай ауылына ауылішілік жолдың салынуына қатысты тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға байланысты келдік. Бұл жолдар біздің тікелей бақылауымызда болмақ. 200 миллионнан аса қаржы бөлініп, салынып жатқан жолды қалай бақылау керектігін тұрғындарға түсіндіретін боламыз. Жобалық-сметалық құжатын қарап, қандай жұмыстардың жасалу қажеттігін зерделей келе бір шешімін шығарып, анық-қанығын анықтаймыз. Әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды бақылауға сыбайлас жемқорлыққа қарсы посттарды қоямыз. Ауылдық белсенді азаматтарын сол посттың бақылаушысы етіп тағайындап, тұрғындарды да жұмылдыру ойда бар,- дейді республикалық жобалық кеңсенің жетекшісі Төлеген Зейнешұлы.
Жол мәселесі қашанда өзектілігін жойған емес. Бүгінге дейін сапасыз жолдың зардабын тартып келе жатқан ауылдар бар. Ол жолды қанша жамап,жасқасаң да, сын көтермейтіні көзге анық көрініп тұрады.
Ал Ақтоғайдың жолының жыры бітіп, ішкі жол мәселесінің күрмеуі шешілгенмен, кіреберіс жолдың жоспарға енбей қалуы тағы да көңілге кірбің ұялатып тұр. Бұрындары жаңбырлы күні ауыл ішінде жүру мұң болса, енді ауылға кіру азапқа айналмасына кім кепіл!
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ