Алғада аяқ киім тоқыла бастады

Жуырда Алға ауылында тағы бір кәсіпкер өз жұмысын бастады.   2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында грант ұтып алған Жанаргүл Аманғалиева  тоқылған аяқ киім дайындайды.

 Жас күнінен анасынан үйренген өнерін дамытып, қолынан ине мен жібі түспейтін ол кейін осы арқылы табыс табамын деп мүлде ойламаса керек. Себебі, тұрақты жұмыстан қысқарту келмейінше бұл іспен тек хобби ретінде айналысқан. Кейіннен жұмыссыз қалып, ауылдастар мен ағайын-тумадан  азды-көпті тапсырыс қабылдап бастайды.

-Мемлекеттен осындай қайтарымсыз грант берілетінін естігенде қатты қуандым. Бірден аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып кеңес алып, бизнес-жоспар жасауға кірістім. Әрине, бұл сомаға үлкен цех аша алмайсың. Бірақ, бастапқы өнімдерді алдыруға жетіп жатыр. Аяқ киімнің өзіне арналған жібі, сыртқа, ішке киюге арналған табаны бәріне тапсырыс береміз. Сапалы жіптер біздің базарларда табылмаған соң, Ираннан, Түркиядан алдырып отырмыз,-дейді кәсіпкер Жанаргүл Аманғалиева.

Қазақта «келін қайын ененің топырағынан» демей ме? Шебердің келіні де өзі секілді қолөнерге жақын жан. Үйден көрпе тігіп, ою салып, тапсырыс қабылдайды екен. Бүгінде сол алған азғантай грантқа іс мәшинесін, тағы басқа құрал жабдықтарды толықтырып, енесі мен келіні үй ішінен шағын шеберхана ашып алған.  Бір күнде 2-3 аяқ киім дайындап  үлгеретін Жанаргүл апай енді балаларға арналған және жабық үлгідегі ааяқ киімдерді тоқуға көшемін деп отыр.  Ал, дүкендегі сүйретпелерден бұл аяқ киімнің артықшылығы, аяқты терлетпейді, иіс шығармайды, жуып қайта кисе де өңін бұзбайды және жеңіл, ыңғайлы, бағасы қолжетімді. Сапасын түсірмей сатса, сұраныс та болары сөзсіз.

Жалпы аяқ киім өндірісі жеңілөнеркәсіп түріне жатады. Егер дамытып, жаңа технологиялармен білімін жетілдіріп әкетсе, мүмкін Алғадан алдағы уақытта аяқ киім өндіру цехы да ашылып қалар. Мемлекеттің қолдауымен ауылдан бастаған Жанаргүл апайдың алғашқы кәсібі берекелі болсын дейміз.

А.Сатаева

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT