Махамбет ауданында 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты шара өтті

Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Арулар, асыл жандар, ардақтылар» атты салтанатты шара өтті.

Шараға қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жиналғандарды көктемнің ең шуақты, шырайлы мейрамымен құттықтады.

– Әйелдер қауымы талай заманнан бері ер азаматтармен бірге тең дәрежеде еңбек етіп келеді. Ел басына күн туған шақта да ерлік үлгісін көрсете білді. Сан салада еңбек етіп, үлкен жетістікке жетіп келеді. Кәсіпке де бет бұрған нәзік жандылар жетерлік. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау саласының дамуына да үлес қосушы әйелдер қауымы көп. Отбасының ұйытқысы болып отырған әйелдерге де құрмет зор. Сіздерге ауданымыздың дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп жүргендеріңіз үшін әйел-аналарымызға алғысымыз шексіз. Еліміздің кемел келешегі үшін елдігімізді нығайтудағы қажырлы еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін,-деді аудан әкімі.

Салтанатты шарада алтын құрсақты, көпбалалы аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» және  «Күміс алқа» төсбелгісі және куәлік табысталды.

Мереке қарсаңында Бейбарыс ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Салимаш Өтеғалиева, аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы Гаухар Сафиева, Жалғансай ауылдық «Шалқыма» мәдениет үйінің әдіскері Гүлназым Нұрбаева, аудандық ауруханасы адамның иммунотапшылығы вирусы кабинетінің медбикесі Дариға Сапарова және «Қазақтелеком» АҚ Махамбет ауданы бойынша бөлшек бизнес бөлімінің қызмет көрсету жөніндегі жетекші маманы  Айгүл Бектілеуова облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ат салысып жүрген бір топ азаматшаға Махамбет ауданы әкімінің алғыс хаты табысталды. Ауданда әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруға ат салысып жүрген аспаз, «Сезім» мейрамханасының әкімшісі Данара Кабдулова мен кондитер, «Жасмин» жеке кәсіпкерлігі жетекшісі Яна Ахметоваға да құрмет көрсетілді.

Жан-жүректі елжіреткен, сезімді мөлдіреткен көктемнің көзайым мерекесінде аудан өнерпаздары саздық бағдарламасы ұсынылды.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT