Махамбет ауданында 76 кезекші сынып жұмыс істейді(+ВИДЕО)

Аудандағы 433 мұқтаж отбасының балалары интернетпен қамтамасыз етіліп, аз қамтылған 200 отбасыға ноутбук таратылмақ.

Пандемия жағдайына байланысты биылғы оқу жылында атыраулық мектептер мен колледждерде сабақ қашықтан оқыту форматында өтеді.

Бастауыш сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ашылмақ. Махамбет аудандық білім бөлімі де қашықтықтан оқытуға дайындалуда, - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Махамбет аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ардақ Жуасовтың айтуынша, ауданда бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, «кезекші сыныптар» ашылады.

«Махамбет ауданындағы мектептерде 1-4 сыныптар арасында 76 кезекші сынып ашылады. Сыныптардағы оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады. Санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептерде дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етіледі», – деді Ардақ Жуасов.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында Махамбет ауданы бойынша 5632 оқушы мектепке барады.

Аудандағы 433 мұқтаж отбасының балалары интернетпен қамтамасыз етіліп, аз қамтылған 200 отбасыға ноутбук таратылмақ.

«Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға «Алтел 4G», сондай-ақ, 500-ден астам тұрғыны бар аудандағы 13 елді-мекенге «Кселл» операторының қызметін қосу жұмыстары жүруде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT