Аудандық әкімдікте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева төрағалық етті. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия хатшысы Карима Бөкенова онлайн қатысты.
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесі тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Жанар Ділмағамбетова ішкі істер органдарының есебінде тұрған қолайсыз отбасылармен жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.
Баяндамашының айтуынша аталған бөлімнің есебінде аудан бойынша 23 жайсыз отбасы және осындай отбасында тәрбиеленіп отырған 41 бала бар көрінеді. Бұл отбасылар кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту бойынша өз міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ балалардың мінез-құлқына теріс әсер ететін іс-әрекеттері үшін есепке алынған. Оның ішінде Пробация қызметімен есепте тұрған 1 отбасы бар. Ол жалғызбасты әке. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген, әлеуметтік жағдайы жақсы. Жоғарыда аталған 23 жайсыз отбасының 10-ы 2021 жылдың 10 айында есепке қойылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда өсіңкі болып отыр. Өйткені, 2020 жылы есепке 8 отбасы қойылыпты.
Аудандық комиссия отырысында барлығы 18 іс-құжат қаралған. Комиссия мүшелерінің шешімімен түзелуіне байланысты 5, мінез-құлқын қарау үшін 7 ұсыным жолданған. 2020 жылы мінез- құлқының түзелуіне байланысты 10 отбасы, ортақ некенің бұзылуына орай 2 отбасы, тұрғылықты мекен жайын ауыстыруына байланысты 3 отбасы есептен шығарылған.
-Комиссия мүшелерімен бірлескен жұмыс оң нәтижесін беруде. Атап айтар болсам, 2016 жылдан бері есепте тұрған азаматша мен оның кәмелетке толмаған ұлын үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Бұған дейін тексеріс жұмыстарын жүргізу барысында және көршілердің хабарламасы бойынша бірнеше рет құқық бұзушылықтар анықталып, 4 рет әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылған болатын. Қоғамдық орында масаң күйінде жүргені үшін де бірнеше рет заңды шарасы алынған. 2021 жылы қаңтар айында комиссия отырысында полиция бөлімімен ата-аналық құқығын шектеуге ұсыным беріліп, комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес кәмелетке толмаған баласымен бірге Ақтау қаласындағы туған апасына алкагольден емделу үшін және баласын қамқорлығына алу үшін өз келісімімен жіберілген болатын. Алайда, аз уақыт ішінде Махамбет ауылына қайта оралды. Соңғы екі ай көлемінде күнделікті жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде түзелу байқалды. Соңғы екі ай көлеміндегі тексеріс кезінде алкаголь ішпегені, тұрғылықты үйін таза ұстап, бала тәрбиесіне уақыт бөліп жүргені анықталды.
Тағы бір жайсыз отбасының отағасы, жалғызбасты әкемен жергілікті атқарушы органдармен, мектеп әкімшілігімен, бала тәрбиесі, қыз бала тәрбиесі, ата- ананың міндеттері туралы әңгімелесулер жүргізілгеніне қарамастан мінез- құлқының дұрысталмауына байланысты, кәмелетке толмаған балаларға қатыгездік таныту және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 2020 жылы аудандық полиция бөлімі тарапынан ата-ана құқығынан шектеуге ұсыныс жолданып, соттың шешімімен ұсыным қанағаттандырылды. Балалары «Шаңырақ» балалар үйіне өткізілді.
Әрбір учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген әкімшілік аймақта тұратын есептегі тұлғаны мекен-жайынан айына бір рет және арнайы іс- шаралар кезінде қосымша тексеріп, отбасы мүшелерімен профилактикалық әңгімелесулер жүргізеді. Осындай тексеру кезінде балаларының көзінше алкагольдік ішімдік ішіп, отбасы тыныштығын бұзу фактілері анықталған 5 ата-анаға сотпен айыппұл салынды,- деді Ж.Ділмағамбетова.
Баяндамашыға Карима Қалыбайқызы мен комиссия төрағасы және мүшелері тарапынан сауалдар қойылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева баяндамада аталған фактілерді назарға алып, бақылауда ұстауды, жайсыз отбасылармен тығыз байланыс жасауды, ата- аналарды жұмыспен қамтуды, балаларға психологиялық көмек көрсетуді, спорттық секцияларға тартып, салауатты өмір салтына баулуды, лагерьлерге жіберуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Б.СҮЙЕУОВА