«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімі Ринат Жанқылыш тұрғындарды қабылдап, мән-жайға қанықты.
Бейбарыс ауылынан келген зейнеткер Қ.Хамзаұлы көп жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатынын, шаруа қожалығында түйе, жылқы, сиыр ұстайтынын, қожалыққа тиесілі 20 га жері барын, кезінде егін де салып, мал да баққанын, ал қазір шаруашылыққа берген жер телімінің заңды күші жойылғандығын айтып көмек сұрай келіпті. «Жалпы «Первомайский» ЖШС –нің 50 мың га жері бар, соншама жерді қалай пайдаланып отыр, берсе тек 10-15 адамға берген шығар, ал маған әлі жерімді берген жоқ. Неде болса, маған жер керек, аудандық жер қатынастары бөліміне барғаныммен, мәселемді шешпеді» дейді зейнеткер ренжіп. Сарытоғай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Б.Оңғарсынова өзінің 0,3 га жері барын, соны 0,10 гектарға толтырып алсам деген мақсатпен келгенін айтты. Онда жердің өтеусіз болатынын айтқан аудан әкімі жерді кеңейтуге деп электронды түрде жер комиссиясына арыз жазып, тиісті құжаттарды қоса тапсыруды қаперледі.
Зейнеткер С.Жайықов тұрғын үйлерге газ дабылдарын қою мәселесімен келіпті. Аудан басшысы бұл тек демеушілер көмегімен ғана жүзеге асатынын ескертті. Есбол ауылының тұрғыны, жұмыссыз С.Иманкулов ауылдағы Төлеби, Әйтеке би көшелерінде интернет, жазғы су, жол мәселелерін шешуді көтерді. Бұған қоса жұмыстан қысқарып қалғандықтан шетелдік компанияларға жұмысқа орналастыруды сұрады. Осыдан төрт ай бұрын «ЦентрАзияСервис»(«Сичем») компаниясында электрмонтаждаушы болып ауысымдық әдіспен еңбек еткенін, ал тамыз айынан бастап жұмыстан босатылғанын қынжыла баяндады. Жалпы өзі еш себепсіз жұмыстан қалмағанын, ешкіммен айтысып-тартыспаса да «жұмыс ауқымының аяқталуына байланысты» деп бір-ақ адамды қалай жұмыстан қысқартқанын әлі күнге дейін түсіне алмай отырғанын, бүгінде қолында әке-шешесі, баласы, әйелі барын, оларды тек бір өзі ғана асырауы тиістігін, мүмкін болса, қайтадан сол компанияға жұмысқа орналасуды қалайтынын жеткізді. Ауыл тұрғыны Қ.Кобесова Махамбетке көшіп келгеніне үш жылдай болғанын, жолдасы өмірден өтіп, қарауында төрт баламен қалғанын, бүгінде З.Ещанова атындағы өнер мектебінде тазалықшы болып жұмыс жасайтынын, отбасына мардымсыз жалақы аздық етіп отырғанын, мүмкін болса, бес күндік жұмысқа ауысқысы келетінін жасырмады. Сондай-ақ паналап тұрып жатқан үйінің де тозығы жетіп, шатырын ауысты¬руды қажет ететінін, себебі, жаңбыр жауса, төбеден су сорғалайтынын қаперлеп шатырын жөндеуге көмек беруін сұрады. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Қабдолова әзірше бес күндік жұмысқа сұраныс жоқтығын тілге тиек етті. Махамбет ауылдық округінің әкімі М.Баймишев ол үй жалға берілген қызметтік үй екенін, жылу қазандығын қондырып бергенін, үйді күтіп-ұстауға тұрғынның өзі жауапты екенін еске салды. Аудан басшысы көмек сұрап келген аз қамтылған отбасыға қолғабыс етуді округ әкіміне тапсырды.
Махамбет тұрғыны ІІ топ мүгедегі О.Имангалиева қарауындағы жастай анасынан айырылып, жетім қалған жиеніне үй сұрай келіпті. Қуықтай бір бөлмелі үйде бірнеше жан паналап, қысылып-қымтырылып отырғандарын, тіпті жиенінің сабақ оқитын жеке бөлмесі жоғын, асханада сабақ оқып, сол жерде ұйықтайтынын, өзі ІІ топ мүгедегі екенін, ауырып шақырса, дәрігер де келмейтінін, дәрі –дәрмекке де қол жеткізе алмай отырғанын меңзеді. Аудан әкімі бүгінде тұрғын үй кезегінде 200-ші болып тұрғанын, ешкімге кезексіз үй берілмейтінін, бала үйді 18 жасқа толғанда ғана алатынын, сонымен қатар көпқабатты үйден бөлме қосуға рұқсат жоғын да ескертті.
Аудандық емхана басшысы жедел жәрдем облысқа қарайтынын, өзіне бұл кісі жеке мәселемен келіп жолыққанын, заң аясында өзіне көмектесетінін ескерткенін, жетім баланың бәріне бірдей тегін дәрі үлестірілмейтінін де тілге тиек етіп, Нұр-Сұлтан қаласына квотамен барса, тегін қарайтынын, ол үшін міндетті түрде тиісті құжаттарды тапсыру керектігін жеткізді. Залдан бас дәрігерге: «екі ай жүктілігі бар әрі емізулі баласы бар әйелге екпе алуға бола ма?» деген сауал түсті. Бас дәрігер « ең алдымен ол адам емханаға келіп қаралуы қажет» деп жауап қатты.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА