Махамбет ауданы орталығынан тәулігіне 40 шаршы метр қоқыс шығарылады

Махамбет ауданы. Тазалық

Қазіргі күні Махамбет ауылында 80, Сарытоғайда 16 дана қоқыс контейнері қойылған.

«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ЖАНДАНАДЫ

Өткен жылы ауылымыздың тазалығы мен көгалдандыруы үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Ауыл тазалығы үнемі қадағалауда болып, Махамбет және Сарытоғай ауылындағы саябақтарға 400-ге жуық тал отырғызылды. «Жасыл белдеу» саябағын күтіп ұстау мақсатында ағаштар суарылып, қураған бұтақтары кесілді.

t

– Аудан әкімімен кездесіп, 2023 жылы ауыл тазалығы және көгалдандыру жұмыстарына қатысты жоспарларын білдім. «Жасыл белдеу» саябағына талдар егіліп, күтіп ұстау жұмыстары күшейтіледі. Және де саябақтың маңында тұратын тұрғындардың ауыл орталығымен ыңғайлы және қауіпсіз қатынау мақсатында «Жасыл белдеу» саябағын 4-5 жерден қиып өтетін қоршалған, жарықтандырылған жаяу жүргіншілер өткелі пайда болады,- дейді «Western Construction Team» ЖШС басшысы Ибатолла Бағытжанұлы.

Сондай-ақ, ауылда сапалы, тұрғындар үшін ыңғайлы қоқыс тастайтын алаңдар салынбақ. Бұл жоспар іске асатын болса, ауылымыздың тазалығы үшін үлкен септігін тигізетін болады. Өйткені арнайы қоқыс төгетін жәшіктердің айналасын күнделікті екі мезгіл тазалап тұрмаса, ол жерде адам аяғы басатын жер қалмайды. Оның үстіне көшеде қаңғырып жүрген ит пен егесіз мал сол жерге әуестеніп, жемтік іздеп жүретініне етіміз үйреніп кетті.

БАСТЫ ПРОБЛЕМА – ҚОҚЫС ТӨГЕТІН АЛАҢ

«Western Construction Team» ЖШС – көше бойынан жиналып, тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымал - дау және жоюмен айналысып, ауыл ішінің тазалығын сақтауға жауапты мекеме. Отыздан астам қызметкері бар серіктестіктің тізгінін жергілікті кәсіпкер Ибатолла Бағытжанұлы ұстап отыр.

tazaly271

– Бұл кәсіпті таңдауыма аудан орталығының көркеюіне, ауыл тазалығына үлес қосайын деген ынтам себеп болды. Бәлкім, біздің мекеме баяу қозғалып келеді. Дегенмен әр басылған қадам маңдай термен басылды. Сырт көзге бұл жұмыс қалыпты болып көрінетін шығар, бірақ осы жұмыстың күнделікті орындалуы үшін еңбек еткен әр адамның үлесі өте зор. Ендігі мақсатымыз – осы жұмыстарды баяулатпай, ілгері басу. Басты мәселе – қоқыс төгетін полигон болып тұр. Ол жердегі жағдайды қолымыздан келгенше ретке келтіре отырып, жұмыс жасаудамыз,- дейді серіктестік басшысы.

Ауылымыздың әрбір тұрғыны ауласын таза ұстап, жүрер жолын түрлі қоқыс-қалдықтардан тазартып жүрсе, сөз жоқ, оның нәтижесі қоршаған ортаға да оң әсер етеді. Керісінше, кішкентай қоқысқа немкеттілеу қарап, алып тастауға ерінетін болсақ, бір айналып келгенде әлгі жер құйын аралап кеткендай ыбырсып жатады. Яғни, сіздің өз ауылыңыздың тазалығына бөлген кішкентай көңіліңіз үлкен рөл атқарады. Рас, кейде оны тазалауға міндетті мекемелер бар деп бар жауапкершілікті соларға ысырып тастаймыз. Міне, осы түсінік көбінесе ауылдың таза болуына кері әсерін тигізіп жатады. Әрқайсысы бір қоқыстан тастағанның өзінде бір күнде қанша тонна қоқыс жиналатынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.

МЕКЕМЕДЕ 30-ДАН АСА ҚЫЗМЕТКЕР БАР

Жасыратыны жоқ, кейбіреулер бұл жұмысты жеңіл көреді. Анығында жұмыстың ауыры – тазалықты сақтау. Осы күнге дейін орталықтың өзінде қоқыстың шашылып жатқандығын көзіміз көрді. Үйлердің жанында, көшелерде бей-берекет шашылып, желге ұшып жататын қоқыс-қалдықты жинауға «Western Construction Team» серіктестігіндегі отыздан аса жұмысшы, жүк тиеуші, қабылданған қалдықтарды тасымалдаушы техникалар жұмылдырылды. Тұрғын үйлердің тұрғындары үшін ыңғайлы орындарға, жүргіншісі көп орталық көшелердің бойларына тұрмыс қалдықтары мен қоқыс тастайтын арнаулы темір жәшіктер қойылды.

tazaly271-2

– Қазіргі таңда мекемемізде 34 қызметкер бар. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асқан «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» жобалары арқылы жұмысқа орналасқандар да бар. Жұмысшыларымыздың еңбекақыларын уақытылы беруге баса мән береміз. Тәртіп пен еңбек қауіпсіздігі қатаң сақталады. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшы мүддесі бірінші орында тұрады. Ауызбірлігіміз мықты, жұмысқа ынта күшті. Ал мұндай ұжым ауылымыздың тазалығын сақтауда жетістіктерге жетуге жұмыла еңбек ететіні анық. «Махамбетіміз әлі де көркейсе екен» дейтін әрбір азамат тазалыққа үлес қосуға ұмтылуы керек. Ауылдың көркі – тазалық. Осыны ұмытпайық,-дейді И.Бағытжанұлы.

Қазіргі күні Махамбет ауылында 80, Сарытоғайда 16 дана қоқыс контейнері қойылған. Бұл тазалықты сақтауда тиімділігін байқатты. Тұрғындардың дені тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жинайтын темір жәшіктерге тастауды әдетке айналдыра бастады. Аудан орталығынан тәулігіне шамамен 40 шаршы метр көлемдегі қоқыс шығарылады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521