Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларынан кейін еліміздегі кейбір мамандық иелерінің жалақылары өсетіндігін мәлімдеген сайын БАҚ қызметкерлерінің мәртебесіне, еңбекақысына қатысты хабарлама болмас па екен деген үміттің қылаң беріп қалатыны жасырын емес.
Биылдан бастап көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, мұғалімдердің, дәрігерлердің, өрт сөндірушілердің, әскери қызметшілердің жалақысы өседі. Ал студенттердің шәкіртақысы әр жыл сайын 20%-ға артатындығы белгілі болды. БАҚ қызметкерлерінің жалақысына қатысты сөз қашан қозғалары белгісіз.
Жә, көш жүре түзелер. Айтпағым, осындай кей қызметкерлердің айлығын өсіру туралы хабарды жаһанға жар салмай айтқан жөн секілді. «Жалақы өседі» деген хабар жеткен сәттен-ақ азық-түлік, баспана, көлік және өзге де қажеттіліктердің бағалары «ұшады». Зейнетақы, шәкіртақы, мұғалім мен дәрігердің жалақысының өскені өзге мамандық иелеріне оңайға тиіп тұрмағаны анық. Тіпті, депутаттардың өзіне журналистер «тамаққа кететін отбасындағы 1 айлық шығыныңыз қанша?» деп сұрақ қойса, күмілжіп: «50 мың, 60 мың жететін болар» - деп жауап береді. Іштей «Осылар өзі дүкенге барып, сауда жасай ма екен?» дейсің. Кем дегенде 3-4 баласы бар қазақ отбасына,ең қажетті азық-түлікті алудың өзіне 50-60 мың жетпейді. Қазір халық енді ішкен асынан үнем жасап, дүкеннен ең қажетті деген заттарды ғана сатып алады. Пайдасынан зияны көп тағамдарға бұрынғыдай ақша құртпайтынын байқаймыз. Айлығы шайлығынан аспайтын тұрғындардың осылай жасамасқа амалдары да жоқ.
Статистикаға сүйенсек, осы жылы азық-түлік тауарларының бағасы - 25,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%- ға, ақылы қызметтер 14,1%-ға өсті. Соңғы 20 жылдың ішінде елімізде бір рет болсын бағасы түспеген баспана құны кем дегенде 15 пайызға қымбаттайтыны айтылуда. Бағалар тұрақсыз болса да, жалақы тұрақты болып тұр. Бұл не қылған парадокс! Түсініксіз...
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ, журналист
эл.почта:
тел:+7(778)159-83-94