Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте «Желтоқсанда үзілген жауқазын» атты кездесу кеші өтті⠀

Ел  Тәуелсіздігінің  30 жылдығына  орай Е.Ағелеуов  атындағы  Махамбет орта мектебінде «Желтоқсанда үзілген жауқазын» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. 

Кездесуге Желтоқсан оқиғасының қатысушылары Арман Қуанышқалиқызы мен  еңбек ардагері Марат  Батырұлы шақырылды. Алдымен слайдтан Желтоқсан көтерілсі туралы көрініс көрсетіліп, оқушылар Тәуелсіздік, Желтоқсан туралы жыр шумақтарын оқыды.  Оқушылар    Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы көрініс қойды.

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Сабырғалиев Тәуелсіздіктің оңай келмегенін, талайдың қанымен, көз жасымен келгенін, сол кезде өзінің Алматы Жоғарғы партия мектебінде оқығанын айтып, естеліктерімен бөлісті.  Желтоқсан оқиғасына қатысушы Арман Қуанышқалиқызы ол кезде ҚазМУ-де 4-ші курста оқығанын, ұзақ тергеу амалдарынан соң оқудан қуылғанын, талай жайтты бастан кешкенін әңгімеледі.

- Әлі күнге дейін Желтоқсан оқиғасына саяси  баға  беріліп,  оған қатысушылар ақталмады. Ол кезде ашкөздік пен сатқындыққа көбірек орын беріліп, бәзбіреулердің көрсетуімен талай жандар жазаға тартылып, істі болды. Оқудан, жұмыстан, комсомол қатарынан, партиядан шыққан, алған жарақат салдарынан мүгедек болып қалған желтоқсаншылар әлі күнге  дейін ақтала  алмағаны  көңілге қаяу түсіреді. Жан жарасын еске алу оңай емес, біраз желтоқсаншылар алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмса, сау адамның өзін жындыханаға күштеп жатқызды. Итке талаттырып, айдалаға апарып  тастау салдарынан  аяқ-қолын үсік шалып,  мүгедек болып қалғандар,  әлі де ашылмаған ақтаңдақтар бар екені шындық,-дейді желтоқсаншы А.Қуанышқалиқызы.

Арман  Қуанышқалиқызы  Желтоқсанды «оқиға» дегеннен гөрі «ұлт-азаттық көтеріліс»  деп атау дұрыс  болар  десе,  ал  Марат    Батырұлы  Желтоқсанды  өз басы  «қозғалыс» дегенді    жөн көретінін  айтты.    Одан әрі оқушылар би билеп, ән-жырдан шашу шашып,  кештің  шырайын  кіргізді.  Кездесу қонақтарына ризашылық білдіріліп, сый-сияпат ұсынылды.

Жанаргүл БАҒЫТОВА,

Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521