Аз уақыттың ішінде үш аппараттың қаржысы жиналды.
Елімізде, әсіресе облысымызда соңғы күндерде ушығып кеткен ауыр пневмонияның салдарынан қайтыс болғандар саны күрт көбейіп, Махамбет ауданының өзінде бұл аурудан көз жұмғандар саны 10-нан асты. Аядай ауылымызда ғана емес, жалпы ел аумағында медицина қызметкерлерінің тапшылығы былай тұрсын, өкпесі қабынған науқастарға аса қажет оттегі концентраторлары тапшы болып жатқаны да жасырын емес. Осындай қиын-қыстау уақытта бір ғана аппараттың жоқтығынан бір жұтым ауа жетпей қиналып көз жұмған қандастарымызды көріп, еріктілер мен белсенділер шыдай алмады. Солардың бірі ауылымыздың жас отбасы Бұлан Нұрғалиев пен Айдана Сүлеймен Махамбет аудандық ауруханасына жасанды тыныс алу аппаратын халықпен бірігіп алып беруді қолға алған еді. Әлеуметтік желіні жүйелі пайдаланушы жұптың бұл қайырымды ісі қалай жүзеге асқанын өздерінен сұрап білдік.
- Баршаңызға белгілі елімізге төнген індет қай отбасын болмасын қара жамылдырды. Қашанда төзімділік пен табандылық, қала берді бірліктің арқасында жеңіске жеткен халық емеспіз бе? Негізгі мақсат теңізге тамған тамшыдай ғана жақсылыққа өз үлесімізді қосып, атадан жалғасқан бірлікті жалғастыру еді. Бұл идея алғаш маған шілде айының басында келген. Инста-парақшамда оқырманымның көптігін пайдалана отырып, неде болса елге пайдамды тигізу болды. Алдымен оттегі аппаратын алдыруды ойлағанмен, «қаражатын жинай алмай қалсам қайтемін» деген қорқыныш болды. Артынан атыраулық танымал блогер Қытай елінен Атырау қаласына 15 оттегі аппаратын алдыртып жатқанын әлеуметтік желі арқылы көріп, «неде болса осы блогерден тапсырыс беру жолын сұрастырып, бірге алдырып алайын» деп, қайырымдылық акциясын бастап та кеттік. «Қорқыныш пен қобалжу, қара халықтың ақшасы құрдымға кетсе қайтем?» деген уайым мен ауданға бір аппарат алдыру керектігі туралы ой маза бермеді. Бастысы жолдасым да дер кезінде қолдап, ойымыз бірнеше күнде іске аса бастады.
Бір кеште «Махамбетке кислород» айдарымен әлеуметтік желіде арнайы афиша дайындап, ақшалай қорымызды аштық. Негізгі мақсат - ең болмағанда бір аппарат алу еді. Үш тәулікке жетер-жетпес уақытта махамбеттік тұрғындар, жасы-кәрісіне қарамай, жомарт жандар, әр қаладағы жерлестер бір емес үш аппараттың қаржысын жинап берді. «Көп түкірсе – көл» деген осы шағыр. Біз тек ұйымдастырушы, себепшіміз, қолдаушы қашанда бір Алла мен қарапайым халық. Қазір аппаратқа жеткілікті соманы осы істің басы қасында жүрген, республиканың түкпір-түкпіріне көршілес мемлекеттерден жеткізіп беру жұмысын қолға алған Қайрат Жолдыбай есімді қоғам белсендісіне аударып қойдық. Енді бірер аптада елге жеткізілгенін күтеміз. Қазіргідей әр минут бір адамның өміріне пара-пар уақытта белгіленген күннен бұрын келгенін бізде асыға күтеміз. Осы ісімізді қолға алған уақытта аудан әкімі Ж.Бахуұлының өзі де шақырып алып, сәттілік тілеп, қолдау көрсеткен еді. Енді елдің атқамінерлері осы игі бастаманы ары қарай жалғастырады деген сенімдеміз. Бұл індетті бірге жеңу міндетіміз,-дейді жас отбасы.
«Owgels» брендімен танымал неміс аппараты Қытайдың Гуанджоу қаласында құрастырылады. Судан және ауадан оттегі алатын құрылғы қандағы мөлшері 95 пайызға түскен кезде өзі қажетті мөлшерін бөліп, адамды аман алып қалады екен. Жақын күндерде ауданға келетін мұндай аппараттың біреуінің құны 200 мың теңгеге жуық.
А.САТАЕВА
Сурет: дереккөз