Махамбет ауданының Төтенше жағдайлар және аудандық №11 Өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері жаңа жыл басталысымен жылу беру маусымына орай, қарқынды түрде ауданымыздағы тұрғын үй секторларын аралауды жалғастыруда.
Ауданға қарасты ауылдық округтері және елді-мекендеріндегі тұрғын үйлерді қамти отырып, үй иелеріне тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау және газ, пеш құрылғыларын пайдалану кезінде от жағу талаптарын сақтау, табиғи, көмірқышқыл газдерінің таралуына жол бермеу т.б қауіпсіздік ережелері қызметкерлермен кеңінен түсіндіріліп, жүргізілген профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары барысында тұрғындарға жадынама бетшелері таратылуда.
Сонымен қатар, жылу беру маусымы кезінде көмірқышқыл және табиғи газдың кетуінен қорғайтын Махамбет аудан әкімдігінің қолдауымен алынған 71 дана газ сигнализаторы аудан көлеміндегі көп балалы, аз қамтылған, зейнеткерлер және жағдайы төмен отбасылардың тұрғын үйлеріне аудандық газ шаруашылығы мамандарымен бірлескен түрде толықтай орнатылып, сигнализаторларды пайдалану ережелері тұрғын үй иелеріне түсіндірілді. Осы негізде, жылу беру маусымы аяқталғанша аудан көлеміндегі тұрғын үйлерге профилактикалық аралау жұмыстары аудандық гарнизон қызметкерлерімен жоспарға сәйкес одан әрі жүргізіле беретін болады.
Р.ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ,
Махамбет ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау майоры