Бейбарыс ауылдық «Жас дәурен» мәдениет үйінің директоры, «Жайлашевтар» отбасылық ансамблінің отанасы, ауданның мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасы бар Мәншүк Жаленованың есімі «Асқар шыңдарға ту тіккен 100 ауыл әйелі» энциклопедиясына енді.
Мәншүк Жаленова «Жайлашевтар» халықтық отбасылық ансамблінің мүшесі, үлкен қара шаңырақты ұстап отырған ата-енесінен бата алған сыйлы келін, отанасы. Отбасында 4 бала өсіріп отырған аяулы ана, қоғамдық жұмыс,басшылық қызметіне еш кедергі келтірместен қорада сиырын сауып, айран, құртын жасап,ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, жалғастырушы, немерелерін еркелетіп отырған ардақты, бақытты әже.
«Асқар шыңдарға ту тіккен 100 ауыл әйелі» кітабында әр ауыл әйелінің ауылды кешенді дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктері баяндалған. Жерлесіміздің есімі осы кітапқа енгізілуі – махамбеттіктер үшін үлкен мақтаныш.
Мәншүк Михаилқызының құс қанатындай самғаған балалық шағы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында өтті. 1979 жылы Сағыз орта мектебін жақсы аяқтап, қой санын 50000000-ға жеткіземіз деген шұбартаулықтардың үндеуін қолдап, сыныптастарымен бірге «Алтын арай» комсомол-жастар бригадасынан еңбек жолын бастады. Елгезек,еңбекқор, патриот қыз ауыл шаруашылығын өркендетуге де өз үлесін қосты. Ұстаздар отбасында өмірге келген Мәншүктің әкесі Михаил керемет күйші, Ақтөбе облысының «Қазанғап» ұлт -маспаптар оркестрі мүшесі болған өнерлі, шығармашыл жан еді. Отбасында түрлі ұлттық аспаптың бәрі болатын. Аға, апаларының бәрі домбырада ойнап, ән айтқан. Қаннан берілген өнер жас қызды Гурьев педагогикалық институтының музыка бөліміне оқуға түсуге ұмтылдырып, арманы орындалды.
1981-1985 жылдары жоғары оқу орнын жақсы тәмәмдап, осы Жайықтың бойынан өмірлік жары өнерлі жігіт,әнші Жайлашев Жаңабай Хайреденұлымен кездесіп, отау құрды. 1985 жылдан бері Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылында музыка мектебінде мұғалім болып, еңбек жолын бастап, шығармашыл, өнерлі ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етті. Шәкірттері жан-жақта өз өнерлерімен танылып жүр. Айта кетсек, Айгүл Дүйсенғалиева – Доссор өнер мектебінде домбыра сыныбы мұғалімі, Айболат Бижанов – Атырау қаласы мектебінің саз пәні мұғалімі, Рамиль Елемесов өзіммен үзеңгілес З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінде домбыра сыныбы мұғалімі болып, қызмет жасайды.
Кейіпкеріміз саз маманы болғандықтан ауылдың ғана емес, ауданның мәдениетін көтеруден тыс қалмады. Мәдени жұмыстарға белсене араласып, қоғамдық жұмыстарды атқарумен қатар, ауылдан үлкен хор ұжымын құрып,дирижер ретінде үлкен байқауларда жетістікке жетті. 1987 жылы Ұлы Октябрь Революциясының 70 жылдық мерекесіне орай хор ұйымдастырып, облыстық байқаудан жүлделі 1орын алып, Лауреат атанды. 1991 жылы Исатай Тайманұлының 200 жылдық мерейтойына атсалысып алғыс хатпен марапатталды.
Аудандық «Атамұра» ұлт-аспаптар оркестрінің тұрақты мүшесі болды. 2009 жылдан бастап Бейбарыс ауылдық «Жас дәурен» мәдениет үйі басшысы болып, қызмет атқаруда. 2013 жылы Атырау облысы әкімдігі мен Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Күй атасы –Құрманғазы» атты республикалық фестивалінің 1000 адамдық біріктірілген оркестрдің КF 00403 сертификат иегері. Оның ұйымдастыруымен өткен әрбір мәдени шара сауатты мазмұндылығымен, тартымдылығымен ұжымдастарына үлгі бола алады.
Мәдениет үйі басшылық қызметінде ауыл тұрғындарының мәдени демалысы, көркемөнерпаздарының жан-жақты шығармашылық жұмыстары жақсы жолға қойылып, облыстық, аудандық үлкен байқауларда алдыңғы қатарда көрініп келеді. Ауданға қарасты округ көркемөнерпаздары арасында ұйымдастырылған дәстүрлі Тәуелсіздіктің 20,25,30 жылдық мерекелік фестиваль-байқауында ауыл көркемөнерпаздары бас жүлде, бірінші орынды жеңіп алды.
Еңбегінің жемісі ретінде бірнеше рет облыстық мәдениет басқармасының, облыстық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен», аудан,ауылдық округ әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медальмен марапатталған. 2019 жыл аудан қорытындысы бойынша «Үздік мәдениет қызметкері-2019» атағына ие болды. «Қазақстан Таланттары»шығармашылық дамыту орталығының «Үздік тәлімгер» төсбелгісімен, 2022 жылы Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.
– Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биікбиік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама. Десек те, әйел – биліктегі саясаткер емес, отбасындағы саясаткер болса қандай жақсы?! Осындай шығармашылық өнер жолында мәдениет саласының қиын да, қызықты қызметінде абыроймен еңбек етіп жүргенім әрине, сахнада бірге жүрген жолдасым, мәртебелімЖәкеңнің арқасы, - дейді Мәншүк Михаилқызы.
Б.СҮЙЕУОВА