Алақаныңның жылуы арқамда тұр, Қадеке!

Қадыржан ағамыз өмірден озғалы бергі осы бір күндер менің ойыма сонау бір сексен алтыншы жылды сала берді.

Бұл жыл менің жүрегімде өшпестей сағыныш болып қалған ерекше аяулы, сәулелі жыл болды. Оны осы күнге дейін аңсаулы сезіммен еске аламын. Сол жылы Жаратқан ием маған бір емес, үш нығметті қатар берген еді. Бала кезгі арманым ойда жоқта орындалып, «Жайық шұғыласы» газетіне жұмысқа кірдім, ҚазМУ-ге оқуға түстім және осы газеттің редакциясында болашақ жарымды кездестірдім. Бір-ақ сәтте бақыттан басым айналды.

Газеттің бас редакторы марқұм Сайлаубай Тәжбентаев ағамыз еді. Сол кезде редакцияда Бақыт Көшербаев, Құттыгерей Смадияр, Жолдас Дүсіпов, Темірхан Рамазанов, Қадыржан Сабыров, Қафиз Мұқтаров, Елеубай Жұмағалиев, Марат Сабырғалиев, Серік Орынбасаров, Ақжібек Әбдірова, Ақлима Есенғалиева, Сәуле Тәжбентай, Сәуле Нығметова, Сәуле Қалиева, Білім Тәжбентаева, Гүлшара Қисина, Сәнім Қошқарбаева, Жібек Жұмашева сынды әріптестеріміз жұмыс жасайтын. Осы жерде мен аталған кісілердің арасынан Қадыржан ағамның маған ағалықтан да гөрі өзгеше, әкелік қамқорлық секілді бір жасаған жақсылығын айтқым келеді.

Жоғарыда аттары аталған үш Сәуленің ішінен Сәуле Нығметованың жұмысқа деген ыждағаттылығы мен кішіпейіл, қарапайым мінезі менің бірден наза- рымды аударды. Осыны байқап қалған Қадекең өзінің жанашырлығын білдіріп, маған дұрыс ақылын айтты. Сонда оның айтқаны: «Сен жассың ғой. Мен сенен бес көйлекті бұрын тоздырдым. Осы таңдауыңның қадірін біл. Сәуле қазақы, қонақжай отбасында өсті. Бұл өте маңызды. Өйткені сен қазақсың ғой. Сенің үйіңе шақырылғаны бар, шақырылмағаны бар, қонақ келетін болады. Сондайда қазан көтеруге, шай қоюға жүгіретін әйел отбасының бағын ашады. Сәуле сондай ортадан тәлім алды. Сен қателескен жоқсың» деді. Осы айтқан ақылы үшін оған өмір бойы ризамын...

Ағамызбен біте-қайнасқан өміріміз осылай басталып еді. Әскерден соң ауылда бақташы боп жүрген мен бір мезетте-ақ өзім сонау бала кезден жазуына тәнті болған ағамен жұмыстас болып шыға келдім. Ол аз десеңіз арада аз ғана ай өткенде курстас болуға тура келді. Сөйтсем, Қадекең ҚазМУ-дің журналистика факультетіне бармақ болып жүр екен. Оған менің сәл алдымда жұмысқа келген Даулетқали Аруев екеуміз қосыла кеттік. Мұны редакторымыз да құптады. Жолымыз болып оқуға іліндік. Сабағымыз жақсы болды. Үшеуміз де дипломды беске қорғап шықтық.

Бүгінде бізбен бірге оқыған курстастардың ішінде шымкенттік Темірғали Көпбаев «Қазығұрт» баспасының директоры, оралдық Таңатар Төлеуғалиев «Астана ақшамы» газетінде веб-редактор, семейлік Бауыржан Әміренов Шығыс Қазақстан облыстық, Зухра Қамбарова «Әлем медиа» газеттерінде қызмет істейді. Тобымыздың старостасы болған Нұржамал Тұрсынбай Қызылорда облысында, Ақжар ауылының әкімі, Зәмза Назарова «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз хатшысы. Ақтөбелік Зәуреш Басығараева ұзақ жылдар баспасөзде жұмыс жасап, бүгінде үлкен бір компанияның баспасөз қызметінде істейді. Ал студенттік аудитория табыстырған жұбайлар Марат Қопабаев пен Раушан Бөлегенова екеуі еліміздің қорғаныс саласында қызмет етті. Ырғыздық талантты қаламгер, марқұм Зәкіржан Кәлкенбай Маңғыстау облыстық газетінде жұмыс істеді. Өмірден ерте кетті. Сөйтіп, біз 1992 жылдың шілде айында журналист дипломын қолымызға ұстап, оны редакторымызға әкеп көрсеттік. Сол күні редакцияда кішігірім той болды. Сайлаубай ағамыздан бастап бүкіл ұжым мәз.

t

Алайда Қадыржан ағамыз диплом алғаннан кейін газетте көп жасамады. Ұзақ жылғы айдамал жұмыс та шаршатты. Айдамал болатыны – ол Махамбетке он екі шақырым жердегі Таңдай ауылынан келіп жұмыс жасайтын. Аудандық партия комитеті Махамбеттен үй беріп еді, оған қариялар көшкісі келмейді. Қара шаңырақты қимайды. Қадекеңді жіберіп қояйын десе ол жалғыз бала. Бірақ Таңдай ауылының үлкен кісілерінің айтуынша, Алла тағала Қазымбек қартқа он балаға татитын бір бала берген. Онысы рас та еді. Сол бала ақыры әке-шешені риза қылуды басты парызы санап, Таңдайға жұмыс ауыстырып кетті. Бұл туралы Таңдай ауылының тоқсаныншы жылдардағы әкімі Мұрат Ещанов ағамыз былай дейді:

«Өз туған ауылыма әкім болып тағайындалғаннан кейін қолға алған басты жұмыстарымның бірі ауыл мәдениетін көтеру болды. Ауылда тамаша өнерпаздар бар, енді соларға ұйытқы болатын кісі керек. Осы туралы ойлана келгенде Қадыржанға тоқтадым. Сөйтіп, оған ұсынысымды айттым. Ол әуелі қызыға ойланып қалды да:

- Мұрақа, менің мәдениет саласында білімім де жоқ. Ең болмаса әу деп ән де сала алмаймын ғой, - деді.

- Иә, сен әу демейсің. Бірақ сол әу дейтіндерді басқарып, оларға ұйытқы бола аласың.

- Рас па?

- Әрине. Оның үстіне сен ақынсың. Ақындық та жаңағы әншілік секілді өнерге жатпай ма?

- Солайы солай ғой. Жарайды, Мұрақа, сіздей аға сенім артып отырғанда несіне тартынайын. Нар тәуекел, келістік. Міне, бұл нағыз Қадыржанның мінезі еді». ...

Мұрат ағамыздың әңгімесін қызыға тыңдаған мен «Бәсе, біздің Қадекең осылай сөйлесе керек» дедім ішімнен. Енді Қадыржан ағамыздың бұл саладағы жұмысы өте жемісті болғанын, Таңдай ауылдық мәдениет үйінің аудан бойынша ешкімге алдын бермегенін бүкіл махамбеттіктер білетіндіктен қайталап жатпайын. Ал кешегі Таңдайдың 90 жылдығында атқарған жұмыстары ешқандай таразымен өлшеуге сыймайды. Бармақтай бойыңдағы таудай жүгің түсті, Қадеке. Енді ахиретің жақсы болғай. Сенің қамқор алақаныңның жылуы әлі арқамда тұр.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521