Қазақша жыл санау бойынша жыл басы – наурыз айынан басталады. Өйткені, бұл айда күн мен түннің көктемгі теңелуі (21 наурыз) болады. Мұнан әрі күн тез ұзарып, жер беті жылына бастайды, бүкіл жан-жануарлар, өсімдік атаулы, яғни, табиғат оянады. Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты бар. Олар туралы деректер VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Қазақтың халық тәжірибесінде жыл санаудың негізіне мүшел алынады. Он екі жыл бір айналғанда мүшел жасты құрайды. Алайда, адамның алғашқы мүшелі – 13 жас. Мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы «жыл қайыру» деп атаған. Осы жыл санау бойынша биыл Ұлу жылы кіргелі отыр. Бабаларымыз әр жылдың өзіне ғана тән мінезі мен ерекшелігі барын білген. Ұлу жылынан ұлтымыз әрдайым жақсылық күткен.
Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке- молшылықпен өткен. Түркі жұрты, оның ішінде қазағымыз да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Ұлу жылы өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Кемеңгер дана да дара халқымыз әрбір жылға тек жақсылық пен құт-береке әкеледі деп сеніммен қарап, үкілі үмітпен болжам жасап отырғаны белгілі. Мысалы, Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – байлық (бірлік), Қоян жылы – қамбалы (құт-береке), Жылан жылы – жайлы, Жылқы жылы – жұтсыз, Қой жылы – құтты, Мешін жылы – мерейлі, Тауық жылы – татулық (табысты), Ит жылы – игілік, Доңыз жылы – дүниелі, деп әр жылға жақсы ниетпен сипаттама беруінің өзінде үлкен әрі ғылыми тәрбиелік дүниетанымдық ұғым жатқандығын бірден-ақ аңғаруға болады. Осы орайда, қазақ халқы Ұлу жылын ежелден-ақ «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп ерекше қастерлеп, құтты жылдың бірі деп санаған.
Ұлу жылы туғандар өзгелерден өмірлік күш - қуатымен , денсаулығының мықтылығымен ерекшеленеді екен. Бірақ бірбеткей, кез келген нәрсені бірден көңіліне алып қалады, қызба мінезді. Қоғамдағы ықпалы күшті болғандықтан да оны көбі сыйлайды. Әдетте Ұлу жылғылар мансаптың биігіне ұмтылғыш және көздегеніне жетпей қоймайды. Екіжүзділік оларға тән емес. Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағыны айта салатын көрінеді. Ұлу жылы туғандар еңбекқор, қиыншылыққа төзімді келеді, істеген ісінің көзін таба біліп, діттеген мұратына жетеді. Ұлу жылы өмірге келген ұл балалар өршіл, алға ұмтылғыш, әрі талантты болса, қыз балалар сүйкімді, алғыр ойлы болады деп жорамал жасалған.
The Chinese Zodiac астрологиялық басылымының хабарлауынша, Тышқан, Тауық және Мешін жылы туғандар үшін жыл табысты болады деп күтілуде. Сонымен бірге Ұлу жылы туғандардың да айы оңынан туатын көрінеді. Олар өздерінің бойында серіктестік, адал болу, тез тіл табысу және жомарт болу сынды қасиеттерді шыңдайтын болады.
Жомарттық, адамдарға деген мейірімділікті таныта отырып, сондай-ақ жағымсыз қылықтар мен екіжүзділіктен бас тарта отырып, адамдар ұлу жылы барлық алға қойған мақсаттарына жете алады. Бәрінен бұрын көшбасшылар мен шешендер үшін жыл табысты болады деп күтіліп отыр.
Жоспар құрып, өмірін өзгерткісі келетін адамдар 2024 жылы жұмысында, қаржылық жағдайы мен жеке өмірінде айтарлықтай жақсы өзгерістерге қол жеткізеді. Денсаулықты күту оңай болады. Бұл жылы жылында айтарлықтай жағымсыз жаңалықтар орын алмайды. Көптеген адам үшін ол керісінше өсу мен дамудың, қарым- қатынасы күшейіп, әлеуметтік мәртебесі артатын жыл болады.
Б.СҮЙЕУОВА